Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Жемқорлыққа қарсы күрес - ымырасыз жүргізілуі керек, - Б.Байбек

AstanaTV
12.09.2019ж. 20:00
2052
Жемқорлыққа қарсы күрес - ымырасыз жүргізілуі керек, - Б.Байбек

Жемқорлыққа қарсы күрес - ымырасыз жүргізілуі керек. Бүгін «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің отырысында Бауыржан Байбек осылай деді. Ол Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша кеңестің жұмысын күшейту міндеті тұрғанын айтты. Ол үшін жұмыстың форматы мен әдіс-тәсілін жетілдіріп, жаңа кадрларды тарту қажет деді. Сондай-ақ, Бауыржан Байбектің айтуынша, шетел инвесторының қатысуымен кәсіпорын ашқанда- Еңбек және Көші-қон заңнамаларының сақталуын уәкілетті органдар партиямен бірлесіп қадағалауы тиіс. Өндіріс орындарында Қазақстан азаматтары жұмыс істеп, лайықты жалақы алуын басты назарға алу керек. Тақырыпты тілші толықтырады.

Партия Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу туралы 2025-ші жылға дейінгі бағдарламаны осыдан бес жыл бұрын қабылдаған. Ол кейін Республиканың осы бағыттағы стратегиясының өзегіне айналды. «Nur Otan» фракциясының бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық кеңестер және басқа да заңдар қабылданған еді. Қазір мемлекеттік қызметтің 80 пайыздан астамы автоматтандырылды. Цифрлық жүйе жаппай енгізіліп жатыр. Осының өзі жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бір парасы, деді Бауыржан Байбек

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес айналасына қоғамды жұмылдырып, «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыра алмады. Бүгінгі күні партияға тұрақты негізде осы мәселені өз алаңдарында жария түрде талқылау қажет, жұртшылықты кеңінен тарту керек. Партияның барша ресурстарын барлық деңгейде, Елбасы Саяси кеңесте атап өткен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қоғамның барлық салаларында қалыптастыруға бағыттау қажет. 

Десе де, кінәсіздік презумпциясы сақталуы керек дейді партия төрағасының бірінші орынбасары. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да айтылған еді. Партияның Доктринасы да осыны көздейді. «Nur Otan» халыққа өз құқын қорғаудың жолын көрсетіп отыруы керек. Себебі партия мүшелерінің басым бөлігі де мемлекеттік қызметкерлер емес, білім, денсаулық сақтау, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері деп қадап айтты Бауыржан Байбек. Ал Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы Омархан Өксікбаев орталық пен өңірлердегі мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықтың қатерлері талданатынын айтты.

Омархан ӨКСІКБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жемқорлық мемлекетімізге үлкен қауіп-қатер туғызып жатқаны белгілі. Сондықтан осының алдын алатындай Соған халықтың осы күреске сенімділігін ұялатындай, мемлекеттік басқару жүйесіне сенімділік ұялатындай, сенімділікті арттыратындай және партияның қатарын да тазарта отырып, осы үлкен партияның авторитетін көтеру мәселесінде нақты іс-қимыл жасаймыз деп отырмыз.

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, әсіресе тұрмыстық жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту керек деді. Мәселен, көші-қон саласы мен шетелден тартылатын жұмыс күшіне квота беруде парақорлық асқынып тұрған көрінеді. Бауыржан Байбектің айтуынша, экономиканың осы бағыттарында ашықтықты, ақпараттандыруды жетілдіру қажет. Әйтпесе, түрлі түсінбеушіліктер туындауы мүмкін.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

55 бірлескен қытай жобалары салынатын болса, біздің елімізде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Ол - жаңа зауыттар, жаңа технология, шетелдік инвестордар бізде зауыттар ашса, ертең алып кетпейді ғой оны. Оның бәрі қалады, қазақ халқы үшін, біздің жастарымызға. Осы жұмыс орындарының 95 процентіне қазақстандықтар орналастырылады.

Елдің бас партиясы еңбек қатынастары туралы заңнамалардың іске асырылуын да өз бақылауына алмақ. Жаңа ашылған өндіріс орындарында Қазақстан азаматтары жұмыс істеп, лайықты жалақы алуға тиіс. Өңірлердегі қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейту де осы мақсатпен жүргізіледі. Партияның қайта жаңғыруының аясында аталмыш кеңестің құрамы әр үш жыл сайын жаңартылып отырады.

Д. Қайыртай