Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Атырауда Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған республикалық апталық өтіп жатыр

AstanaTV
12.09.2019ж. 20:00
3834
Атырауда Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған республикалық апталық өтіп жатыр

Патша сөздің Фаризасы. Атырауда осындай атаумен көрнекті ақын, Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған республикалық апталық өтіп жатыр. Бір апта бойы облыс тұрғындары мен қонақтары поэзия падишасының шығармаларымен терең танысып қана қоймай, қаламгерлік, қайраткерлік келбетін тани түспек. 

Махамбет жырларынан нәр алып, өр мінезімен, өршіл жырларымен дараланған поэзия падишасының 80 жылдығына арналған республикалық апталық осыдан үш жыл бұрын тұрғызылған ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. шара Фариза ақын алғашқы түлегі атанған Х. Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінде жалғасын тапты.

Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Фариза Оңғарсынова шығармашылығы қазақтың қыздар поэзиясының өсіп-өркендеуінің биік, саналы деңгейге көтерілуінің айқын дәлелі болып табылады. Ақын ұлттық өлеңімізге өзіне ғана тән мінез алып келеді. Бүгінгі республикалық -ғылыми практикалық конференцияда поэзия апамыз туралы әдемі естеліктер, оны ізгі жолын жалғастырар ойлар айтылады.  

Осында ақын туралы деректі фильмінің тұсауы кесілді. Сондай-ақ «Жыр - менің жалғыз тарланым» аудиодискісі таныстырылды. Онда Фариза ақынның өзі оқыған өлеңдері де енгізілген. Ұрпақ ауысса да, қыздар поэзиясын қазақ аспанында самғатқан Фаризаның наркескен жырлары - мәңгілік,- десті жиналғандар. 

Ұлықбек ЕСДАУЛЕТ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Тұнық жырдың қайнарындай ар-намыстың қайрағындай болған Фариза апайдың поэзиясының әрқашанда асқақтыққа, биіктікке, асау толқынға, асау әуенге, шырқау құлаш сермеген кеңістікке, өрлікке оқырманын баулып, келіп жатыр. 

Қазақтың сөз өнерін биік белеске шығарып, поэзияға жаңа леп әкелген Фариза бейнесі кешкісін «Ар мен ақын» қойылымының премьерасында ашыла түсті. Көрермендер Фариза феноменінің сырын өзінше түсінді. Мұнымен жыр мерекесі аяқталмайды. Облыс тұрғындары аптаның аяғына дейін республикалық ақындар айтысы, поэзиялық кеш, ән байқауы, симпозиум, көрме тамашалай алады. Бір сөзбен айтқанда апта бойы Атырау аспаны Фариза жырымен биіктей түспек.