Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ақтөбеде үш жүзден астам тұрғын баспана дауына тап болған

AstanaTV
13.09.2019ж. 20:00
2616
Ақтөбеде үш жүзден астам тұрғын баспана дауына тап болған

Ақтөбеде үш жүзден астам тұрғыны бар баспана дауы әлі жалғасып жатыр. Жоғарғы сот жуырда тұрғын үйлерді толығымен екінші деңгейлі банктің меншігіне өткізуге шешім шығарды. Енді тұрғындардан маза қашты. Айта кетейін, олар баспана сатып алған құрылыс компаниясы, жерді банкке кепілге қойып, несие алған. Оны өтемегенімен қоймай, пәтерлерді алаяқтық жолмен сатқаны да белгілі болған еді. Даулы мәселе жайлы тілшіміз тарқатады.

Бұл әдемі үйлер 2016-шы жылы құрылысы аяқталып беріле бастады. Бірақ пәтер алғандар артынан опық жеді. Құрылыс компаниясы басшысы Гегам Асрян сыбайластарымен бірігіп, банкте кепілдікте тұрған меншікті заңсыз сатқаны белгілі болды. Артынша қылмыс ашылып, бірқатар шенділер жазаланды. Бірақ компания басшысы ізін суытқан. Іс Жоғарғы сотқа жетіп, сот бұл тұрғын үйлерді банктің меншігіне қайтарды.   

Нұрсынбек АЙТЖАНОВ, ТҰРҒЫН: 

Бәрі осы еңбекпен сатып алған үйлер ғой. Бұл жерде тұрғындардың ешқандай кінәсі жоқ. Кредитке рәсімдеп алды. Өз ақшаларына алды. Квартирсіз қаламыз деп бәрі сол уайымдап жатыр.

Мұндағы тұрғындардың барлығы бірдей пәтерін өз меншігіне аударып үлгермеген. Несие қарызынан құтылғанымен, әлі үйлерін рәсімдей алмай жүргендері бар.   

Еркін АХМЕТОВ, ТҰРҒЫН: 

Бұл жағдай біздің үстімізге жай түскендей әсер етті. Былай айтсақ белгілі адамдармен келісім-шарт болды. Бір күнде барлығы жоққа шығып отыр. Қазір біздің ешқайсысымыз меншік иесі емеспіз. Енді барлығы осы банкке байланысты. Біздің тағдырымызды шешеді.

Тұрғындарға жағдай түсіндіруге банк өкілі мен қала әкімі де келді. Олар тұрғындарға құжат түгел болса, уайымдайтын ештеңе жоқ деп сендіріп отыр. 

Аслан РАМАЗАНОВ, «FORTE BANK » АҚТӨБЕ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Толық меншіктің иесі болмай тұрып біз кепіл бере алмаймыз. Себебі сот шешімі енді шықты. Үйді әлі меншігімізге алғанымыз жоқ. Әзірге әкімдік бар, банк пен тұрғындар бар үш жақты меморандум әзірлеуді ұсынып отырмыз. Ақшасын төлеп пәтер алғандар сол баспаналарында қалады. Ал банк тек бос пәтерлерді иелігіне алатын болады.

Бұл үйлер көгілдір отынға толықтай қосылмаған. Жаңа қожайындар осы тектес олқылықтарды ретке келтіріп, бос пәтерлерді сатып өз шығынын толтырмақ. Сондай-ақ ипотекаға алған тұрғындарға үй толық меншікке өткенше төлем жасауды тоқтатуды сұрап отыр.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:  

Бұл үйлерді салған «Окси билд» компаниясы. Оның басшысына 2017-ші жылы халықаралық іздеу жарияланған. Құзырлы орындар қашқын туралы қандай да бір ақпарат беруге асығар емес.

Б. Рахметова