Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Электронды темекі өкпенің қатерлі ісігін тудырады,- дәрігерлер

AstanaTV
13.09.2019ж. 20:00
4162
Электронды темекі өкпенің қатерлі ісігін тудырады,- дәрігерлер

АҚШ билігі электронды хош иісті темекілерді сатуға тыйым салуға ниетті. Өткен айдың өзінде өкпесі қабынған 6 адам көз жұмды. Тағы жарты мыңға жуығы ауруға шалдыққан. Вейп деген электронды темекінің түріне құмартқандардың саны біздің елде де аз емес. Оларды не күтеді? Толығырақ, Әлішер Өмірзақ жалғастырады. 

АҚШ-та вейп салдарынан қаза тапқан адам жайлы ақпарат тамыз айында таралды. Бұл алғашқысы болғанымен, соңғы жағдай емес. Одан кейін тағы 5 адам көз жұмса, жарты мыңға жуығы ауруханаға жатқызылды. Олардың барлығының өкпесіне зақым келген.

Роберт ГЛАТТЕР, ДӘРІГЕР-РЕАНИМАТОЛОГ: 

Бізде әзірге нақты жауап жоқ. Бірақ вейпте пайдаланылатын хош иістендіргіш немесе аэрозольдер бұған негізгі себептің бірі екені анық. Оны қолданатын адамдар ағзасына тек ыстық бу ғана бармайтынын білуі қажет. Оның құрамында түрлі химикаттар бар, мәселен альдегидтер мен спирттер секілді. Ол да адам ағзасына зиян.

Вейпті никотинді алмастырушы ретінде жарнамалайды. Көбіне темекіні тастағысы келетіндер қолданады. Бірақ мұны да тастай алмай жүргендердің қарасы қалың. Вейп салдарынан қайтыс болу фактісін ескерген Нью-Йорк қаласының губернаторы алдағы уақытта бұған шектеу қоюды қолға алатынын хабарлады.

Эндрю КУОМО, НЬЮ-ЙОРК ШТАТЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:

Біздің кеңесіміз вейпті шекпеңіз. Біз оның өкпеңізге қандай зиян келтіретінін білмейміз. Вейптен ауырып, қайтыс болғандар саны күрт артты.

Дабыл қағуға негіз бар. Өйткені АҚШ-та осындай вейпке тәуелді азаматтардың саны 5 млн-нан асқан.

Алекс АЗАР, АҚШ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ МИНИСТРІ:

Электронды темекіні қолданбауға қанша шақырғанымызбен, жас балалардың бұл өнімге қол жеткізуі оңай болып тұр. Сондықтан толығымен тиым салуды қарастырып отырмыз.

Қазақстанда да соңғы жылдары вейп шегушілердің саны артты. Дегенмен нақты саны белсізі дейді, астаналық пульмонолог-дәрігер Әлия Шагирова.

Алия ШАГИРОВА, ДӘРІГЕР-ПУЛЬМОНОЛОГ: 

Бұдан шығатын қарапайым бу ғана емес. Оған арнайы түрлі хош иістендіргіштерді қосады. Сондай-ақ сұйықтықтың құрамында түрлі химикаттар болады. Мәселен альдегидтер. Олар өкпенің қатерлі ісігін тудыруы мүмкін.

Euromonitor сарапшылары 2021 жылға қарай вейпке тәуелді адамдардың саны 55 миллион жетеді, дейді. АҚШ билігі секілді алдағы уақытта хош иісті электронды темекілерге тиым салу мәселесі елімізде қолға алынатын, алынбайтыны әзірге белгісіз.   

Ә. Өмірзақ