Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Сотталған азамат сот үкімімен келіспей, аузын тігіп тастады

AstanaTV
17.09.2019ж. 20:00
2834
Сотталған азамат сот үкімімен келіспей, аузын тігіп тастады

Ақмола облысындағы абақтыда жатқан сотталушы өзінің аузын тігіп тастады. Есірткі саудалады деп айыпталған Руслан Бобров сот үкіміне қарсы, бірнеше рет шағым жазған. Алайда аппеляциялық арыздары қанағаттандырылмады. Жұбайы оның денсаулығы үшін алаңдаулы. Данияр Қайыртайдың репортажы.

Алена ТАТАРЧУКОВА, ЖҰБАЙЫ:

Ол өзінің аузын тігіп тастауға мәжбүр болды. Ажалын абақтыдан таба ма деп қорқам. Оларды түрмеде қорлайды, жәбірлейді.

Сотталушының аузын тігіп, аштық жариялағанына бүгін төртінші күн. Алена Татарчукова жұбайының өмірі үшін алаңдап отырғаны сондықтан. Бірақ колониядағылар оның денсаулығын ұдайы тексеріп отыратындарын айтты. Егер хәлі нашарлай бастаса, күштеп тамақтандырамыз дейді.  

Қанат АШОВ, ҚР ІІМ ҚАЖК ДЕПАРТАМЕНТІ ЕЦ-166/5 МЕКЕМЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ: 

Кешкі 7 мен 9-дың арасында оларға тұрмыстық заттар беріледі. Оның ішінде ине-жіп те бар. Сонымен әжетханаға кіріп, аузын тігіп тастады. Ол жерде бейнебақылау камералары болмайды.

Руслан Бобров сот үкімімен келіспей отыр. Есірткі сатқаны үшін оны 10 жыл бас бостандығынан айырған. Ал ол кінәсін мойындамайды. Тіпті, жазықсыз жала жабылғаны туралы бас прокуратураға арыз түсірген. Ол аздай, бейнежазба таратқан. 

Руслан БОБРОВ, СОТТАЛУШЫ:

Менің арыз-шағымдарым қарастырылып жатқан да жоқ. Істің байыбына бармай жатып, «барлығы заңды» деп кері хат жолдай салады. Ал егер зерттеп қараса, менің кінәсіздігім дәлелденер еді. Құзырлы органдардан маған назар аударып, мен отырған түрмеге келулерін сұраймын. Мұндағы қызметкерлер қызметін асыра пайдаланып, түрлі қысым көрсетеді.

Алайда Ішкі істер министрлігі колониядағы әлемжеттікті жоққа шығарды. Ал сотталушының қарсылық акциясын бақылауда ұстап отырмыз деді. 

Қайрат МЫРЗАШЕВ, ҚР ІІМ ҚАЖК БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 

Сотталушыға қатысты зорлық фактілері тіркелген жоқ. Ол өзі де шағымданған емес.

Біздің түсірілім тобы сотталушы Руслан Бобровты таспаға түсіріп, тілдесу үшін, Ақмола облысында орналасқан абақтыға барып қайтты. Бірақ жабық мекемеге кіруге рұқсат бермеді. 

Д. Қайыртай