Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қазақстан ЕЭО талаптарын бұзған жоқ - Б.Сұлтанов

AstanaTV
17.10.2017ж. 20:00
2427
Қазақстан ЕЭО талаптарын бұзған жоқ - Б.Сұлтанов

Қазақстан көлеңкелі экономиканың кірісін азайтып, Еуразия экономикалық одағының талаптарын бұзған жоқ. Бұл туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Бас қаржыгер қазақ-қырғыз шекарасындағы тексеру-бақылау жұмыстары күнделікті және қалыпты жағдай екенін айтты. Министрдің сөзінше, мақсат күмәнді кірістерді төмендету арқылы мемлекет кірісін 9 пайызға артттыру.

Айта кетейік, жақында Қырғызстан экономика министрлігі шекарадағы жағдайға байланысты Еуразия экономикалық одағына жүгінгенін хабарлады. Онда Қазақстан тарапының шекарада тауардың еркін өтуіне шектеу қойғандығы айтылған. Ал бүгін күшейтілген бақылау жұмыстарынан кейін, Қырғызстанға 200 тоннадан астам өнімдері қайтарылды. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі: 

Біріншіден, ешқандай тыйым салу болған жоқ. Қазақстан Еуразия экономикалық одағының талаптарын бұзбады. Көлеңкелі экономиканының кірісін азайту үшін, біз шаралар қолданып жатырмыз. Бұндай тексеру, бақылау шараларының жасалуы қалыпты жағдай.

Қырғызстан үкіметі қырғыз-қазақ шекарасында қалыптасқан ахуалға байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымына да үндеу жолдады. Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, көмек ретінде берген 100 млн доллардан айырқалпақты ағайын бас тартпаған.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі: 

Барлық мәселе шешілгендіктен, Қырғызстанның гуманитарлық көмектен бас тартқаны туралы жариялаған еді. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа қосылудағы 100 млн доллар техникалық көмектен олар бас тартпады. 

Ал инвестициялар және даму министрі  Жеңіс Қасымбектің ақпарынша, қазақ-қырғыз шекарасынан өтетін әрбір 7-ші көліктің Қазақстанның заңнамасын ескермейтіндігі анықталған. Өткен аптада 835 қырғыз көлігі тексеріліп, нәтижесінде 117 бұзушылық анықталды.

Диана САПАРҚЫЗЫ