Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Баянауылдағы алапат өрт ауыздықталды

AstanaTV
23.09.2019ж. 20:00
2416
Баянауылдағы алапат өрт ауыздықталды

Баянауылдағы алапат өрттің кесірінен табиғи парктің 93 гектар аумағы түгелдей жанып кетті. Қызыл жалын 5 ауылдық округтің 500 гектардан аса жерін де шарпыған. Алапат өрттің өршуіне әуеден сөндіру құралының жоқтығы, ұйытқып соққан жел де себеп болған. . Оқиғаның мән-жайын Өзгеріс Қуанар тарқатады. 

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Тілсіз жау 21 қыркүйекте Құркүркелі ауылдық округінен басталған. Кейінен ол Баянауыл ұлттық табиғи паркіне қарайтын Жанбақты алқабына жетіпті. Өрттің негізгі ошағы да осы алқапта болған.

Кеше түсте тұтанған қызыл жалын қатты желдің кесірінен әп-сәтте бүкіл аумақты шарпыған. Салдарынан орман алқаптары мен даладағы құрғақ шөп түгелдей жанып кетіпті.  

Ернұр ӨТЕГЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ: 

Өздеріңіз білесіздер, бұл жер таулы жер. Жоғары қарай өрттің өршуі желдің әсеріне байланысты тез болады. Және бұл жерге техниканың баруы мүмкін емес. Тек ғана жаяу жүргіншімен барып, өрт сөндіріледі. Бұл жерде ең бірінші алдын алу шектеу жұмыстары жүргізілді. Шектеу қойылғаннан кейін барып, ішкі сөндіру жұмыстары жүргізілген болатын.

Департамент бастығы 5 ауылдық округ пен табиғи паркке қарайтын 92 гектар жер жанып кеткенін растады. Ернұр Өтегенов бұл өрт шалған аумақ әлі де ұлғаю мүмкін дейді. Қазір төтенше жағдайға қатысты құрылған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Өртті әуеден сөндіретін құрал болмағандықтан дер кезінде ауыздықтай алмапты. Өйткені, кеше басталған өртті тек бүгін ғана Шығыс Қазақстаннан келген тікұшақ сөндірген.   

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: 

Біздің әр облыста тік ұшақ ұстауға мүмкіндігіміз жоқ. Бізде 4 аймаққа арнайы өрт сөндіруге арналған МИ-8 тік ұшақтары қарастырылған. Олар өтенше жағдай орын алған облысқа ұшып барады. Сондықтан әр өңірге тікұшақ сатып алатын бюджетте қаражат жоқ.

Владимир БЕККЕР, ҚР ІІМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

 2020 жылы 4 тік ұшақ сатып алуға ұсыныс жолдаймыз. Біз еліміздің аумағы үлкен болғандықтан, әр аймаққа бір-бір ауыр ұшақтан болуы керек деп санаймын. Бұл - санавиация. Одан бөлек, төтенше жағдайларға мен өрт оқиғаларына қажетті тік ұшақтар.

Мамандар өртке қатысты қандай да бір болжам айтуға асықпады. Комиссия шығын көлемі мен жанып кеткен аумақты әлі есептеп жатыр. Тек өртті сөндіруге 120 техника мен 500-дей адам жұмылдырылғаны мәлім.   

Оразгелді ҚАЙЫРГЕЛДИНОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Мен жана ғана өрт болған аумақты тік ұшақпен бақылап шықтым. Мұнда құрғақ шөптер мен тау бөктерлері жанған. Барлығы өте жылдам болды. Кеше түтін біраз бықсып жатқан, бүгін басылды.

2 күн бойы орманды шарпыған қызыл жалын толығымен сөндірілді. Қазір өртенген аумақ қатаң бақылауға алынған.   

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:  

Айта кетейік, бұл биылғы жылы Баянауылда болған екінші өрт. Бұған дейін шілде айында ұлттық табиғи паркте орман өртеніп, 70 гектардан астам аумақ жанып кеткен.

Ө. Қуанар