Павлодардағы түрмелердің бірінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған күдікті, қылмыстық топ мүшесі болған. Бұл туралы қылмыстық атқару жүйесінің облыстағы департаменті хабарлады. Сотталушының денесі 11 қыркүйек күні- абақтының дәретханасынан табылған. Облыстық экономикалық тергеу департаменті қаза болған күдікті, биылғы жылдың маусым айында жалған кәсіпорын шоттарынан 7,5 млн.теңге көлемінде қолма-қол қаражат алмақ болғаны үшін ұсталған. Тағы бір адам осы дерекпен қамауда отыр.
Болат ХАМИТОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 262 және 216-баптары бойынша іс қозғалды. Бұл ұйымдасқан топ немесе қылмыстық ұйым құру, сондай-ақ, жалған бухгалтерлік құжаттар дайындау бабы. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Анықталғандай, күдіктілер 2015 жылдан бері көлеңкелі бизнеспен айналысып келген. 23 жалған кәсіпорын құрып, мемлекетке жалпы сомасы 5,1 млрд. теңгенің салығын төлеуден жалтарған - дейді мамандар. Қазіргі уақытта қылмыстық топтың ісіне 32 адамның қатысы бары анықталып отыр. Сот санкциясымен қамауға алынғандардан бөлек, біреуіне халықаралық іздеу жарияланған. Ал егер қылмыстары дәленденсе, топ мүшелерінің әрбірі 12 жылға жаза арқалауы мүмкін.
Ө. Қуанар