Оралдағы тергеу изоляторының құрылысын қадағалауға салғырттық танытқаны үшін кінәлі деп саналған Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары жазадан құтылды. Дегенмен сот Бекболат Төремұратовқа 479 миллион теңге төлеуді міндеттеді.
Магира КИТАРОВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жарияланған рақымшылыққа орай, сотталушы Төремұратов негізгі жазадан босатылсын. Төремұратовтың кепілге төлеген 20 миллион теңгесі кері қайтарылсын.
Ал алаяқтығы үшін айыпталған «Бура строй» құрылыс компаниясының директоры Сергей Барабошко 6 жылға сотталып, 5 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды. Кәсіпкер 1,2 млрд теңгені мемлекетке қайтаруы керек. Айта кетейік, 2013 жылы салына бастаған Оралдағы тергеу изоляторының құрылысы қазір тоқтап тұр. 1,5 мың адамға арналған ғимаратқа 9,6 млрд теңге бөлінгенімен, ақшаның тек жартысы игеріліпті. Мердігер ақша үнемдеу мақсатында заңбұзушылықтарға барып, құрылысқа арзан материалдар қолданыпты. Мәселен, кірпішті төрт қатар етіп қалаудың орнына екі қатар ғана қалаған. Бағасы асыра көрсетілген құрылыс материалдарының құны 500 миллион теңгеге жуық.
Е. Карин