$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралда шақалақты қоқыс жәшігіне тастаған көкек-ана ұсталды

AstanaTV
07.10.2019ж. 20:00
4055
Оралда шақалақты қоқыс жәшігіне тастаған көкек-ана ұсталды

Сәбиін туа сала қоқыс жәшігіне тастап кеткен оралдық келіншектің кім екені анықталды. Оған ешқайда кетпеу туралы қолхат беріліп, үй қамауына алыныпты. Қара сөмкеге оралған шарананың денесі Оралдағы көпқабатты үйлердің ауласындағы қоқыс жәшігінен табылған. Қазір мәйіт сот-медициналық сараптамаға жолданған.

Қоқыс жәшігінің қасында қимылсыз жатқан шарананы алдымен Александр есімді мына кезбе көріпті. Қоқысты түрткілеп жүрген жігіт ағасы кішкентай түйіншектің ішінде нәресте жатыр деп ойламаған.

Александр ЖҰМАШЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мына жердегі сөмкенің ішінен кішкентай денені байқадым. Тәні жалаңаш, басы пакетке ораулы болды. Бірақ тиген жоқпын. Біреу баласын туа салып, осында тастап кеткен шығар деп ойладым да, қоқысты одан әрі ақтара бердім. Қимылсыз жатқан нәрестенің киімі болған жоқ.

Полицейлер баласын қоқысқа тастап кеткен келіншекті бірден тауып, Қылмыстық кодекстің 100-бабы  - «Жаңа туған баланы анасының өлтiру дерегі» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарына кірісті. Қазір баланың мүрдесі сараптамаға жіберілген. Мамандар оның өлі не тірі туғанын анықтайды. Көкек-анаға берілер жаза содан кейін ғана белгілі болмақ.

Болатбек БЕЛГІБЕКОВ, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Оқиға болған жерді қарау барысында сумканың қалтасынан кілттер табылды: домофонның кілті және үйдің есігінің кілті. Соған байланысты жедел қызметкерлер осы кілттерді салыстыра тексеру кезінде кілттің иесіне шықты. Сөйтіп ана азаматшаны анықтаған болатын. Азаматшаның айтуы бойынша, бала өлі туған. Сондықтан лақтырып жіберген.

Қазір келіншекке ешқайда кетпеу туралы қолхат беріліп, үйқамаққа алынды. Оның төрт баласы бар екені, сол кезде күйеуінің басқа қалада жұмыста жүргені мәлім болды.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Полицияның дерегінше, мұндай жағдай биыл Оралда алғаш рет тіркеліп отыр. Ал соңғы бес жылда анасының уызы түгілі, мейіріміне жарымаған үш сәби бақилық болды. Олардың бірін анасы туа сала дәретханаға тастаса, енді бірінің денесін мола арасынан иттер тауып алып, жол бойына сүйреп тастаған еді. Тағы бірін анасы балконнан лақтырып құтылмақ болған.

Е. Карин