Бір ауылға - бір құдық. Жамбыл облысы Қостоған аулының халқы жалғыз құдықтан су ішуге мәжбүр. Төрт мыңға жуық тұрғыны бар елді-мекен бұл мәселені 50 жылдан бері шеше алмай келеді. Әріптесім Данияр Әлімқұл көптің тілегі неге орындалмай жатқанын ауылға барып, біліп қайтты. Ол ел қатарлы кезек күтіп, құдықтан су алып көрмек болды.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ,ТІЛШІ:
Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар таң азанымен және қас қарайған уақытта осы жалғыз құдықтың басына жиналады. Мінекей су алайын десек, бір тамшы да тамбай тұр. Бұл жарты шақырым жердегі мектептің меншігіндегі артезиан құдығы. Бұның өзіне бір сағат бөлетіндіктен кезек күткен көпшілік су алып үлгермейміз деп ашынады.
Көненің көзін көрген ақсақал тоқсанның үшіне келсе де өзі су тасып сабылады. Өзге зейнеткерлер де қартайғанша шелек ұстап шаршаған. Бірақ оған налымайды. Тек ауыз судан тарықтырмаса дейді.
Нұрбибі ТОЙЛЫБАЕВА, ҚОСТОҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Судан қиналып жатырмыз. Су жоқ. Оның үстіне денсаулығымыз жоқ, Су таститын балаларымыздың бәрі сыртта. Кір жуамыз, үйге тірлікке керек қой су деген, сусыз күн жоқ. Денсаулығымыз жоқ, екінші топтағы мүгедекпін мен.
Ауылдықтар ауыз суға жарты ғасыр бойы жарымағандықтан тіпті жаңбыр жауса қуанатын хәлге жеткен. Жалғыз құдықтан судың ағуыда, оның басындағы қарауылдың көңіл-күйіне байланысты деп отыр.
Тұратынай ӘМІРАЛИЕВА, ҚОСТОҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қарауыл көңілді болса, көңілсіз болса кейде су ақпай қояды. 50 жыл болды мен келін боп түскелі, бір су аққанын көрген емеспін. Көрсем соқыр болайын. Бізге келген әкімдер ішеді жейді, кетеді, болды.
Дүйсен СЕГІЗБАЕВ, ҚОСТОҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Машинамен келеді, есек арбамен келеді. Бұл жерде «пропка» болады. Әлгі су қосатын көңілденсе бір-екі сағат қосады, көңілденбесе бір сағатта өшіріп қояды.
Жағдайды жергілікті атқамінерлер Қостоғанның құбырлары Кеңес заманында қолды болып кеткенімен түсіндірді. Кейбір құдық тозып, істен шыққан деді. Ауылды ауыз сумен қамту былтыр «Ақбұлақ» бағдарламасына әрең дегенде енгенімен, оның шапағаты қашан болатынын әкімде білмейді.
Бейбіт ТӘНЕКЕЕВ, МЕРКІ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ЖАҢАТОҒАН АУЫЛДЫҚ ОКУРГІНІҢ ӘКІМІ:
Нақты кіретінін мен енді сізге айта алмаймын. Өйткені, құжаттамасы биыл әзірленіп өткізілді. 22-ші жылға деп жобалап отыр, одан ерте боп қалуы да мүмкін. Қаражаты сметалық құжаттары дайын болған соң белгілі болады, ақшасын айта алмаймын.
Жергілікті билік, мемлекеттік бағдарламамен Қостоғанға ауыз су келсе де 3 жылдан кейін ғана болатынын айтты. Бұған да тұрғындар сенімді емес. Олар әкім ауысып кетсе, "баяғы жартас сол жартыстың" күйін кешеміз бе деп қауіптенеді.
Д. Әлімқұл