Түркістан облысында адам қаңқалары жер бетіне шығып қалған. Археологтар оларды 11-13-ші ғасырдағы түркі жауынгерлерінің сүйектері деп топшылап отыр. Айзада Төребекқызының репортажы.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Адамның қаңқа сүйектері мынадай болып әр-әр жерде көрініп жатыр. Жергілікті дін өкілдерінің айтуынша ертеректе бұл жерде ескі қорым болған екен. Ат шаптырым аумаққа кемінде мыңнан астам адам жерленген деген дерек бар.
Жетісай ауданына қарасты Абай ауылдық округінен шамамен он шақырым жердегі көрініс - бұл. Жергілікті шенділердің мәліметінше қорым жарты ғасырдан бері қазіргі Шардара су қоймасына тиесілі бассейннің ұлтанында жатыр. Имамдар қорымның мұсылман мазары екеніне сенімді.
Қара күзден шілдеге дейін бұл аумақта тереңдігі он метрге жететін су басып жатады. Дін өкілдері сүйектердің ашылып қалуын топырақ қабатының жылдар өте шайылып отыруымен байланыстырады. Жергілікті тарихшы-археолог Амангелді Тұрманов та қорым аумағын зерттеп жүр.
Амангелді ТҰРМАНОВ, ТАРИХШЫ-АРХЕОЛОГ, СЫРДАРИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
Өздеріңіз білесіздер 13-ші ғасырда бұл жерде моңғол шапқыншылығы үлкен күйзеліске ұшыратқан, қалалар қираған, сондықтан сол кезде қирауы мүмкін. Мүмкін 10-ғасырға да жатып қалуы мүмкін. Адамның сүйегіне қарап отырсам 16-17 жасар, 30 жасқа дейінгі, демек бұл соғыс кезінде мерт болған деген жорамал бар.
Дін өкілдері су қоймасы салынардан бұрын, қорымдағы сүйектерді өзге аумаққа ауыстыру қажеттігін көтерген. Сол кезде бірлі-жарымы ғана қайта жерленіпті. Одан бері су тартылғанда ашық қалған сүйектерді ауыл қариялары өздігінше арулап көміп келген. Бірақ биыл шамадан тыс көп болғанын айтады. Қазір жергілікті билік аумақты қоршап шыққан.
Мақсат ЖОЛДАСБЕКОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Осы аптаның сенбі күні барлық тиісті азаматтар осы жерге келіп жердің бетіне шығып жатқан бас сүйектері бар, басқа да адамның сүйек қалдықтарын бәрін қазып алып, тиісті орынға апарып жерлейміз. Қазір екі-үш күнде сол қорымның ішіндегі азаматтар жататын молаларды, көрлерді қазу жұмыстарын бастаймыз.
Адам қаңқаларынан бөлек, бұл маңнан қыш құмыралардың сынықтары да кездеседі. Соған қарап жергілікті археологтар көне қала болған деп топшылайды. Алдағы күндері Сырдария университетінің студенттерімен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарына кіріспек.
А.Төребекқызы