Солтүстік Қазақстан облысындағы Келлеровка ауылының тұрғындары, жеке шаруашылықтың ісіне шағымданып отыр. Айтуларынша, банкротқа ұшыраған кәсіпорын, енді бар өшін бұқарадан алмақшы. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тараптармен кездесіп, мәселенің мән-жайын білуге тырысты.
Тайынша ауданына тиесілі Келлеровка ауылының тұрғындары пай мәселесін шеше алмай дағдарып отыр. Дүйім жұрт 2012 жылы "Алаң" серіктестігінің құрамына өтіп, орақ науқаны аяқталасымен тиісті пайдың табысына кенелетін. Алайда соңғы кезде шаруашылықтың төлем қабілеті төмендеп кеткен. Ізінше қаражаттан қағылған жұрт табысы мол компанияға көшкен.
Алексей ПЕРЕПЕЛИЦА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Келлеровка ауылының 5 тұрғыны 2012 жылы «Алаң» серіктестігінен пайды алып кетіп, "Асар" компаниясына берген. Ал қалған 32 адам 2016 жылы ауысты. Енді "Алаң" шаруашылығы біздің бұл ісімізді заңсыз деп отыр. Бізді бірнеше мәрте сотқа берді. Әбден мазамызды қашырды.
Валентина НЕДВИГА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
"Алаң" шаруашылығы 2015 жылы қарызға белшеден батты. Біз пайымызды ала алмағасын, "Асар" серіктестігіне ауыстық. Қазіргі шаруашылық пайдың үлесін молынан беріп жатыр.
«Алаң» серіктестігінің өкілдерімен байланысқа шығу мүмкін болмады.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Тұрғындардың айтуынша, 2010 жылы "Алаң" серіктестігінің негізгі кеңсесі осы жерде болған. Техника қаз-қатар тізіліп тұрыпты. Алайда, бүгінде мұнда қу тақыр жер ғана қалған. Шаруашылық қарыздарынан құтылу үшін комбайндары мен ғимаратын бұзып, сатып жіберген.
Ал «Асар» шаруашылығы болса, алаңдықтардың қылығы шаршатқанын айтады. Дегенмен, олар жерді сақтап қалуға бекініп отыр.
Али АСТАМИРОВ, «АСАР» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
Мен пайларды ресми түрде рәсімдеп алдым. Ал Алаң серіктестігінің жетекшісі Имамбеков мырза, мен жалған құжаттарды жасады деп санайды. Жер мәселесіне нүкте қойылмаса да, мен жұртқа пай табысын бәрібір таратып беремін.
Экономикалық соттың берген мәліметіне сүйенсек, «Алаң» серіктестігі 2017 жылдан бастап сотқа бес мәрте арыз жазған. Оның төртеуі қабылданбапты. Ал соңғысы "Алаңның" пайдасына шешілген көрінеді.
Бердібек МҰСТАФИН, СҚО АУДАНАРАЛЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Имамбековтың арызы бірнеше мәрте қайтарылды. Бірақ ол оны өзгертіп, басқа үлгіде қайтадан жазып отырды. Оның бес адамға қатысты жазған арызын сот қабылдап, жартылай оң шешім шығарды. Бірақ бұл шешім әлі күшіне енген жоқ. Тұрғындар оны аппеляцияға беруі мүмкін.
Соттың шешімі 17- қазанда заңды күшіне енбек. Демек, "Алаң" серіктестігі жердің бір бөлігін қайтарып алуы мүмкін. Алайда, отырған жерін жермен жексен еткен шаруашылықтың істі қалай жүргізетіні әзірге белгісіз.
А.Құрманкин