$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алаяқтарға алданғандар оралдықтар көбейіп барады

AstanaTV
23.10.2019ж. 20:00
3074
Алаяқтарға алданғандар оралдықтар көбейіп барады

Оралда тәулік ішінде 7 адам алаяқтардың құрбаны болған. Негізінен баспананы жалға алғысы келетіндер, ғаламтордағы әккілердің арбауына түсіп отыр. Алаяқтарға алданып, ақшасынан айрылғандар Батыс Қазақстан облысында екі есеге көбейген. Айлакерлер қандай айла қолданады? Олардың құрығына түспеудің жолы бар ма? Еркін Карин жауап іздеп көрді.

Пәтер жалдамақ болған Динара, өзіне ұнаған баспананы ғаламтордағы сайттардың бірінен тауыпты. Қожайынымен телефон арқылы келісіп, алдын-ала 25 мың теңгесін аударып жібереді. Бірақ уағдаласқан күні пәтер иесін таба алмай қалған. Телефоны сөндірулі. Аңқау келіншек алданғанын сол кезде ғана түсінген.

Динара ҚАРАТАЕВА, ТҰРҒЫН:

Мен алаяқтардан ешқандай ақы өндіріп ала алмайтынымды түсіндім. Себебі біздің пәтер берушімен де, пәтер алушымен де арамызда ешқандай келісім-шарт жоқ. Келісім-шарт болған күннің өзінде де соттағы процесс менің уақытымды алады. Өзім жұмысбасты адам болғаннан кейін менің оған уақытым жоқ. Дегенмен тұрғындар алдағы уақытта абай болса деймін.

Ғаламтор арқылы алданатындар негізінен, жалға берілетін пәтерлердің бағасы мен қолайлы жерде орналасқанына қызығады. Алаяқтардың майда тіліне майдай еріп, ақшасынан айрылғанын білмей қалады. Риэлторлар сан соғып қалмау үшін келісім-шарт жасасу қажет деп отыр.

Лаура САХИПОВА, РИЭЛТОР:

Алдымен екіжақты келісім-шарт жасалуы керек. Мұнда пәтердің жағдайы мен қожайыны көрсетіледі. Егер пәтерді агенттік жалға берсе, үш жақты келісім жасалуы тиіс. Бірақ әлі көзбен көрмеген, ішіне кірмеген пәтер үшін күні бұрын ақы төлеу аңғалдық деп ойлаймын. Ал алаяқтар осыны пайдаланады.

Мына ескертуде көрсетілгені бар-жоғы 6 пункт. Осыны біздің азаматтар сақтаса, алаяқтарға жол бермес еді.

Қазір полиция алдын-алу жұмыстарын күшейтіп, алаяқтардан сақтандыру парақшаларын таратып жатыр. Өйткені аңғал жандарды алдауды кәсіп қылғандарды әшкерелеу оңай емес. Әзірге осындай 10 фактіге қатысы бар деген күдікпен Атырау мен Орал қаласының екі азаматы қамалған.

Нұрлан БИСЕНОВ,  ОРАЛ қ. ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Үлкен залал деген 100, 120, 130 мыңға дейін. 3 ай, 4 айдың төлемақыларын беріп қойып жатқан кісілер де бар. Бұл қылмыстар ашылады. Бірақ ол қылмысты ашу үшін біраз уақыт керек бізге. Сол уақыттың ішінде біздің азаматтар тағы да үш-төртеуі, бес-алтауы алданып қалып, жәбірленушілердің саны күннен-күнге көбейіп жатыр.

Жыл басынан бері интернет алаяқтарына 200-ге тарта оралдық алданған. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есеге көп. Ал келген шығын 3 миллион теңгеден асады.

Е. Карин