$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағанды облысында 500-ден астам жетім пәтер ала алмай отыр

AstanaTV
23.10.2019ж. 20:00
2011
Қарағанды облысында 500-ден астам жетім пәтер ала алмай отыр

"Жетім көрсең жебей жүр". Осы ұлағатты бойға сіңіріп өскен халықпыз. Бірақ тағдыр тәлкегіне түскен олардың қолтығынан демеп, қолдау білдіріп жүрміз бе? Бір ғана Қарағанды облысының Жезқазған қаласында 500-ден астам жетім баспанаға зәру. Балалар үйінің түлектерінің алды пәтер кезегінде 12 жылдан бері тұр. Ал, жергілікті билік өкілдері бейқам. Айжан Қуаш тақырыпты тарқатады.

Жезқазғандық Алена мен Александр, екеуі де балалар үйінің түлектері. Жұбайлар 6 бала тәрбиелеп отыр. Үлкені 5-ші сыныпта оқыса, кенжесі бес айлық нәресте. Үлкен отбасы 11 жыл бойы баспана кезегінде тұрса да, әлі жете алмай жүр. Жылдар бойы жалдамалы пәтерлерде тұрып келген жанұяға жергілікті әкімдік маусым айында коммуналдық үйдің аядай ғана бөлмесін уақытша берген. Алайда, оның өзі қолайсыз.

Алина НАРИЖНАЯ, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕГІ:

Бізге әкімдік мына бөлмені беріп, 1-2 ай тұруға ұсыныс жасады. Кейін пәтер береміз, - деді. Алайда арада жарты жыл өтсе де әлі хабар жоқ. Бөлменің сиқын көріп тұрсыздар, адам шошиды. Біз есікті, ваннаны өзіміз орнаттық. Мұнда тіпті, жылыту батареясы да жоқ. Ертең қыс түссе не істерімізді білмейміз.


Аяғы ауыр Қарлығаш та балалар үйінде өскен. Күні таяп қалған келіншектің пәтер кезегінде тұрғанына 10 жылдан асыпты. Талай табалдырықты тоздырған ол, босанған соң баласымен қайда барамын, - деп ашынады.

Қарлығаш САПАРБАЕВА, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕГІ:

Мен 23 жасымда пәтер кезіне тұрғанмын. Қазір жасым 35- ке келді. Бір жақсы әйел үйіне тұрғызып жүр. Бізге тым болмаса, қызметтік пәтер берсе екен. Басымызда баспана болса, ел қатарлы коммуналдық шығындарды уақытылы төлеп тұратын едік қой. Мемлекеттен басқа көмек сұрамаймын, баспана берсе болды.


Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, Жезқазған қаласында 500-ден астам жетім пәтер кезегінде тұр. Ал жергілікті  билік оларды баспанамен қамтитын үй жоқ ддеп қысқа қайырды.

Қуанышбек САНСЫЗБАЕВ , ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тегін үй тиесілі. Жаңа бағдарлама бойынша арендалық үй барлық жерде салынып жатыр. Ал бұл балаларға үй берілмеуінің себебі Жезқазған қаласында жаңа үйлердің салынбауынан. Былтырдан бастап үйлер енді салына бастады, енді берудің жолы көбейеді.

Демек 500-ден астам жетімнің қашан үйлі болатыны белгісіз. Көпшілігі ата- ана, туыс- туғансыз тұлдыр жетімдер. Оның үстіне жыл сайын дәл осы Жезқазғандағы бірнеше "Балалар үйінен" 30-ға жуық түлек шығады. Демек үйсіздердің қатары көбеймесе азаймайтыны анық. 

А. Қуаш