Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қашан қамтылады?

AstanaTV
28.10.2019ж. 20:00
2553
Ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қашан қамтылады?

Ауылдарды дамыту керек. Шешілмеген мәселе әлі шаш етектен. Соның бірі интернет жайы. Бүгін Үкімет сағатында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. Ауылдарда сапалы жұмыс істейтін интернет бар деген министрлік ақпаратына күмән келтірген депутаттар елге барғанда халықтан ұялып қайтатындарын айтты. Әлихан Асқарұлының репортажы.

Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің мәліметінше, «Цифрлы Қазақстан» бағдарамасы аясында 3300 ауыл кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Осылайша еліміз әлемдік рейтингте 45-ші орынға ие.  Дегенмен, деректер депутаттардың ашуын келтірді.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазақстан жалпы интернеттің жылдамдығы бойынша, 2018 жылы 57-ші орында болса, ал 2019 жылы 64-ші орынға кетті. Сіздер мына жақта қағаз жүзінде барлығын қатырып қоясыздар, ал ауылдық жерлерге барсаңыздар интернет жоғары жылдамдықта жоқ. Ауылда жоғары жылдамдықты интернет бар десеңіз, оны барып көрейік ауылға. Мен дайынмын!

Ауыл-аймақтарды аралап жүрген депататтар ғаламтор желісіне қосылмаған ауылдарда болғандарын айтты. Шалғай елді мекендердегі интернеттің жоқтығынан, мұғалімдер электронды күнделік мәселесі күрделірек деп шағымданған. 

Бақытгүл ХАМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Әңгіме барысын облыс өңірлерінде барған сәтте оқытушылардың аузымен айтсақ: «Күнделік.кз» кіре алмағаныма бір аптаға жуық уақыт болды. Мектептің интернеті айналып тұрып алады. Логин, құпия сөзімді айтайын, ең болмаса, оқушыларымның қорытындысын айтып берші», - деп әркімге жалынып жүреміз дейді.

«Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының» бас директоры Саин Шайхиевке де сұрақ қойылды. Депутаттар ауылдағы медициналық құжаттарды электронды түрде жүргізудегі кедергілерді сұраған еді, бірақ жауап беруге өзінің тіл білмегені кедергі жасады.   

Депутаттар Асқар Жұмағалиевке мәселе «қағаз жүзінде» емес, іс жүзінде шешуді тапсырды. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді де жүктеді. 

Ә. Асқарұлы