Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Шымкенттік шеуніктер таэквандодан ашық Азия чемпионатын заңсыз деп отыр

Шымкенттік шеуніктер таэквандодан ашық Азия чемпионатын заңсыз деп отыр

Таэквандодан ашық Азия чемпионатының қатысушылары Шымкентке енді аяқ баспайтындай болды. Екі күнге жоспарланған халықаралық турнирдің өтуіне әлдекімдер барынша кедергі көрсеткен. Турнир ұйымдастырушылары арнамызға осындай шағым айтты. Ал жергілікті спортқа жауапты өкілдер демалыс күні өткен бұл дода рұқсатсыз, яғни, заңсыз өтті деп отыр. Айзада Төребекқызы тарқатады.

Бұл турнирге жас спортшылар, олардың бапкерлері мен ата-аналары келген. Олар Шымкентке жарысқа келгенімен, спорттық шара өткізетін жерді өздері іздеп шарқ ұрған.

Михаил АЛЕКСЕЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бәрі ойын өткізетін жер іздеп, аяғынан тозып жүр. Бұл барып тұрған бассыздық, ұйымдастырушылықтың жоқтығы .

Ашық Азия чемпионатына Қазақстаннан бөлек Өзбекстан мен Тәжікстаннан ұзын саны 400 спортшы келіпті. Халықаралық турнир қазанның 25-і мен 27-сі аралығына, жергілікті университеттің бірінің спорт залында өтеді деп жоспарланған. Ұйымдастырушы - Таэквандо федерациясының басшылығы күн таяғанда оқу орнының басшылығы келісімнен бас тартқанын жеткізді. Мұнан соң спорт мектебімен келіскен, бірақ олар тура турнир алдында бәрін сыртқа қуып шықты деп отыр.

Айдос АМАНЖОЛОВ, ТХЭКВАНДО ITF ҰЛТТЫҚ СПОРТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Бастықтың орынбасары Сапарбаевқа залды жауып, бізді сыртқа шығармаса қызметіңмен қош айтысасың депті. Жұмыстан алатын болған. Сөйтіп тоқетерін айтқанда түнгі сағат онда бізді далаға шығарып тастады.

Айдос Аманжолов мұның бәрі жергілікті спорт ұйымдары басшыларының әрекеті деп санайды. Өйткені олар жарыстың үшінші мегаполисте өтуін қолдамаған. Дегенмен көп кедергіге тап болса да халықаралық турнир жексенбі күні ақыр соңында өтті. Қалалық спорт басқармасы бұл турнир заңсыз өтті деді.

Әлібек НҰРТАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Республикалық спорт комитетімен бірге аккредитациядан өткен ұлттық федерациямен бірге өтуі тиіс. Ал бұл азаматтарда ол аккредитация жоқ. Одан кейін жылдық күнтізбе жоспарында болуы керек кез келген халықаралық және республикалық жарыстар. Бұл жарыстар біздің республикалық күнтізбелік жоспарда да жоқ.Сол себептен бұны өткізу заңсыз деп есептеймін.

Жарыстың уақытында өтпеуінен кейбір спортшылар қайтар билеттерін өткізуге тура келді. Отандық спортшылар бәрінен бұрын көрші елдерден келген әріптестер алдында абыройымызға нұқсан келді деп қынжылды.

Күнсұлу ТОРТАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Үш күннен бері осындамыз. Бірінші басқа залда болады деген еді, одан кейін кеше басқа залға келдік, ол жерден де светтерді өшіріп тастап ол жерден де қуды бізді. Үш күннен бері сарсаң болып жатыр. Көңілім мүлдем қалды. Мен екінші Шымкентке келмеймін.

Умида АХРАРОВА, ӨЗБЕКСТАНДЫҚ БАПКЕР:

Кешегі жағдайы әлі көз алдымда. Бұл - сұмдық. Балалар қатты тоңып қалды. Шымкенттің ұйымдастырушыларына бұл үлкен кемшілік. Мұндай қиындыққа тап боламыз деп ойламадық. Келгелі біздің үрейіміз ұшып жүр. Көшеде күзет тұр, сақ болыңдар деп ескертіп жүр.


Федерация Президенті орын алған қолайсыздықтарға байланысты  Мәдениет және спорт министрлігіне, сонымен қоса Шымкенттің әкіміне де өз шағымын жолдамақшы. Сондай-ақ, өздеріне жасалған қоқан-лоққыға байланысты полицияға шағым жазған.

А. Төребекқызы