Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Оралда құрылысшылар шу шығарды

AstanaTV
29.10.2019ж. 20:00
1458
Оралда құрылысшылар шу шығарды

Оралда мұнай өңдеу зауытын салып жатқан жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр. Ақшасын даулағандар жұмысберушінің кеңсесінің күзетуден шаршаған. Айтуларынша, 132 жұмысшы тамыз айынан бері айлық алмапты. Келесі бейнематериалда толығырақ.

Қазір мұнай өңдеу зауытының құрылысы тоқтап тұр. Жалақысын даулаған жұмысшылар екі күннен бері қалада жүр. Үмітін үзгендердің көбісі несиесін төлей алмай, қарызға батқанын айтады.

Қайыржан САРАНОВ,  ЖҰМЫСШЫ:

Бізге айтып тұр. Барып прокуратураға жаловаться етіңдер. Еңбек инспекциясына барыңдар, арыз жазыңдар. Не істесеңдер оны істеңдер! Ештемеге жете алмайсыңдар дейді.


Ринат СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ЖҰМЫСШЫ:

Ешқандай реакция жоқ еш жерде. Әкім мен прокуратураны білмейміз. Ешкімнен ешқандай көмек жоқ.

Тапсырыс беруші мен мердігер арасында мұнай өңдеу кешенінің бірінші кезеңін салуға 30 млн доллар көлемінде келісімшарт жасалып, 3,8 миллионы аударылған. Бірақ тендерлік кепілдіктің талабына сай, бұл қаржы құрылыс аяқталған соң ғана төленеді екен. Қолда бар ақшасын құрылыс материалдары мен арнайы техникаға жұмсаған мердігер енді жұмысшыларға ақы төлей алмай отыр.

Алексей САВРАН, «АВS-МҰНАЙ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ТАПСЫРЫС БЕРУШІ ӨКІЛІ:

Қазір біз өз міндеттемесін толық орындамаған бұл компаниямен келісімшартты бұздық. Өйткені осы даудың бәрі солардың кесірінен болып отыр. Қазір біз оларды сотқа бердік. Шешімі жақын арада шығады деген үміттеміз.


Дәурен ТӘЖІҒАЛИЕВ,  БҚО ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

Енді бәрі заң шеңберінде болуы керек. Соған келісесіз ғой. Заң бар. Өзінің тәртібі бар. Сол тәртібі бойынша қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша еңбек инспекциясы тексеріс тағайындайды. Келіп бәрін тексереді. Құжаттары бойынша қанша кісіге қанша қарыз екенін санап біледі. Сол кезде бәрін білеміз.

Мердігер мекеменің бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Сондықтан даудың тез шешілуі екіталай. Дегенмен прокуратура мен еңбек инспекциясы бұл істі өз бақылауына алып, аяғына дейін жеткізуге уәде берді.

Е. Карин