Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат бергендерге параның 10 пайызы төленуі мүмкін

AstanaTV
31.10.2019ж. 20:00
3002
Сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат бергендерге параның 10 пайызы төленуі мүмкін

Жемқор туралы ақпарат бергендерге параның он пайызы төленуі мүмкін. Бұл туарлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев хабарлады. Осылайша ол парақорлықпен күресті күшейтеміз деп отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің алқа отырысында жемқорлықпен күрес жүргізудегі жаңашылдықтар талқыланды.  Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Агенттік төрағасы жемқорлықпен күресудің жаңа жолын ұсынды. Ол пара мөлшері 2,5 миллион теңге болса, сол соманың 10 пайызын ақпарат жеткізушіге беру керек,-деді. Бірақ бұл сома 10 миллион теңгеден аспауы тиіс. Алик Шпекбаев бастаманы барлық мемлекеттік органдар қолдағанын айтады. Ол таяу уақытта үкіметте қажетті шешім шығарылатынын жеткізді.

Алик ШПЕКБАЕВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Азаматтар өмірінің сапасы мен табысын арттырудың басты факторының бірі кәсіби тиімді, ең бастысы жемқорлықтан ада мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Сондықтан осы мақсатта агенттік құқықтық нормаларды әзірледі, және заңнамалық пысықтауға әзір.

Ал Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәлік Мырзалиннің баласына қатысты келтірген мына мысалы жұрттың күлкісін келтірді. Мемлекеттік аппараттың жұмысына тоқталған ол жемқорлыққа қарсы сананы бала кезден қалыптастыру керектігін айтты.

Мәлік МЫРЗАЛИН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды балабақшалар мен мектептерден бастау керек. Өздеріңіз білетіндей Елбасы жүктеген тапсырмаларды жүйелі жүзеге асыру өте маңызды. Сондықтан алдағы уақытта жұмыс жандана түсетініне сенімім мол.

Алик Шпекбаев басшылар ашкөздіктен, ал қарапайым мамандар мұқтаждықтан пара алады,-деді. Ол соңғы 5 жылда жемқорлық үшін жауапкершілікке тартылғандардың 75 пайызы жалақысы төмен қызметкерлер екенін айтты. Сондықтан агенттік басшысы бюджет ақшасын ұрлауды доғару үшін мемлекеттік қызметкерлер айлығын кемі екі есеге арттыру керек деп отыр.

Алик ШПЕКБАЕВ,  ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Атап айтқанда жалақыны арттыруға мүмкіндік беретін резерв бар. Экономикалық тергеу қызметі штаттық санын 40%-ға қысқартты, біз бұл деңгейді жыл соңына қарай 25%-ға дейін жеткіземіз. Басшылар ұйым құрылымын дербес анықтай алады. Ал, үнемделген қаражат жалақыны арттыру үшін олардың иелігінде қалады.

Енді парасаттылық бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметкерлердің адалдығы тексерілетін болады. Бұл арқылы шенеуніктің сыбайлас жемқорлыққа бейімділігі анықталады.  Алик Шпекбаев адалдық тексерісінен өтпегендер қылмыстық қудалаусыз жұмыстан босатылатынын жеткізді.

Ғ. Өтемісов