Ал енді мол астықты экспорттауға, сыртқа сатуға келсек, проблема тереңдеп барады. Мысалы, тамыз айында Қытайға қарай жөнелтілген 30 вагон Алтынкөл-Қорғас шекарасында 50 күннен аса тұр. Қытай карантин нормаларына сай, қабылдамай қойған. Оның үстіне биыл Ресейде де астық бітік шықты. Және олар Орта Азияға қарай жөнелтетін астықты субсидияламақ. Нарықта бәсеке қызып, қысып барады. Бізде астық сақтау проблемасы онсыз да бар. Сондай-ақ, былтыр біраз алқаптың қар астында қалғаны есте. Осылардың бәрін талдасақ, экономика тағандарының бірі – астықтың «тағандарының» іргетасы мүжіліп жатқанын байқайсың... Астықты экспорттау проблемасын Қостанай облысындағы меншікті тілшіміз Заңғар Санай баяндайды.
Заңғар Санай, тілші:
Астықты аймақ саналатын Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында биыл бидай бітік шықты. Сапасы да көңіл көншітерлік. Қамырлығы жоғары, ылғалдылығы төмен. Мәселен, тек Тобыл өңірінің диқандары қамбаға құйған астықтың тең жартысы 3 класқа жатады. Алайда, шаруалардың шашау шығармай жинаған мол өнімін өткізу проблемасы өзекті болып тұр. Өйткені еліміздің ірі тасымалдаушы компаниялары логистика проблемасына тап болып отыр.
«Солтүстік -Астық» ірі экспорттаушы компаниялардың бірі. Компания 16 жылдан бері астық және майлы дақылдарды сыртқа шығарып келеді. Өнімді тасымалдау мәселесі күз сайын туындайды, дейді трейдер. Биыл тағы да транспорттық түйткілге тап болған.
Евгений Карабанов, «Солтүстік – астық» компаниялар тобының құрылтайшысы:
Бәрі бидайдың бітік шыққаны, жиын-терім жұмыстарының аяқталғандығы туралы есеп беріп жатыр. Бірақ әзірге ешкім астықты тасымалдау проблемасын «аңғармаған» секілді. Оны қалай және қайда сату керек дегенді ойлап жатқан ешкім жоқ. Өйткені көбісі несие өтеу және басқа да міндеттемелерін орындау үшін шапқылап жүр. Ал, сауда компаниялары, трейдерлер тасымалдау түйткілі шешілмейтін болса, астық сатып алмайды. Дәл қазіргі таңда осы мәселе шиеленісіп барады.
Сонда вагон жетіспейтіні ғой? Оған байланысты «Қазақстан темір жолының» жауабы мынадай: вагон тапшылығының басты себебі - өзге мемлекеттер мен порттарға жөнелтілген шойын арбалар межелі уақытында кері қайтарылмай, қаңтарылып қалады. Астықты тиеу және түсіру құжаттары да дер кезінде тексеріліп, дереу рәсімделмейді. Соның салдарынан вагон жетіспей жатады.
Ғани Есенбаев, «Қазақстан темір жолы - жүк тасымалы» АҚ директорының логистика жөніндегі орынбасары:
Вагондардың басым бөлігі Ақтаудағы порт арқылы теңізбен Ауғанстанға, Орта Азияға жөнелтіледі. Олар дер кезінде жүкті түсіріп, кері қайтуы керек. Өкінішке орай, «Қазақстан темір жолы - жүк тасымалы» секілді тасымалдаушының ешқандай қатысы жоқ себептермен вагондар барған жерінде тоқтап қалады. Соның салдарынан тапшылық туындайды.
Заңғар Санай, тілші:
Қостанайдағы темір жол бекеттерінің көбісі қазір тәулік бойы жұмыс істеу кестесіне көшкен. Астық тасу науқанына байланысты кейбір станция басшылары қосымша қызмет атқарып жүр. Арнайы білім алған мамандар дер кезінде бидайды қабылдап, құжатты рәсімдеп, вагондарды уақытында жөнелтіп жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне жүгінсек, биыл диқандар 21 миллион тоннадан астам өнім жинаған. Соның 16 миллион тоннасы - алтын дән. Еліміз жыл сайын 7- 8 миллион тонна бидай тұтынады. Яғни, экспортқа 9 миллион тоннаға жуық астық шығарылмақ. Тасымалдау мәселесіне қарамастан, тек, Тобыл өңірі 1 миллион тоннадан астам бидайды сырт елдерге сатуды көздеп отыр.
Нұрсұлтан Қабделов, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
752 мың тонна астық экспортқа шығарылған, бүгінгі таңда.Үлкен масштабта қиындықтар жоқ. Қазіргі кезде вагондар Өзбекстан мен Ресейге еш кедергісіз жөнелтіліп жатыр. Енді жыл соңына дейін шамамен тағы 400 мың тоннадай астық экспортталады.
Елімізде темір жолмен тасылатын астықтың 90 пайызын, экспортқа шығарылатын өнімнің тең жартысын «Астық транс» жеткізеді. Акционерлік қоғамның ақпарына сәйкес, астық тасу үшін арнайы 9 мың вагон қажет. «Астық транстың» еншісінде 5200-і бар. Қауырт кезеңнің қарқынына ілесу үшін Ресейдің «РусАгроТранс » секілді компанияларын көмекке шақыруға мәжбүр. Бірақ биыл көрші мемлекеттің де бидайы бітік шықты. Олар өз өнімдерін тасып үлгере алмай жатыр. Бір бекеттің өзінде 100 –ге жуық шойын арбаға астық тиелетіндіктен, вагон айналымы бірнеше аптаға кешеуілдеп отыр.
«Астық транстың» жазбаша берген жауабы:
Компания ақпарына сай, вагондардың басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан Ақтау мен Ресей бағытындағы порттарға жөнелтіледі. Астық тасымалы Қазақстан-Қытай шекарасынан да аса алмай, тежеліп тұр. Ал, Ақтау портындағы ахуал сәл реттелген секілді.
Телефон арқылы тілдескен «солтүстік теңіз» терминалының өкілдері қаңтарылған қалың вагонның жоқ екенін хабарлады.
Ануар Распаев, «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» жшс бас директорының орынбасары – телефон арқылы:
Иә, вагондардың тоқтап қалғаны рас. Бұған ирандық импорттаушылар кінәлі. Біздің елден астық сатып алғандар, нақты қай күні кеменің керектігін көрсететін кестені беруге міндетті. Бірақ олар міндетін орындамай қойды. Сондықтан қыркүйек айында флот болған жоқ. Қазіргі кезде бұл мәселе сәл де болса дұрысталды.
Мәселеге тереңірек үңілсек, тасу өз алдына, шаруалардың бар күшін салып, бейнелеп айтқанда «өліп, талып» жинаған мол өнімін өткізу, алдағы уақытта өзекті мәселеге айналуы мүмкін. Өйткені көрші елдің диқандары бітік шыққан бидайын Орта азияға жаппай жөнелтіп жатыр. Яғни, біздің нарықты жаулап алу қаупі бар. Оның үстіне Ресей билігі ауыл шаруашылық өнімдерінің логистикалық шығындарының тең жартысын өз мойнына алуды жоспарлап отырған көрінеді. Іргелес елдің игі қадамы біздің биілікке де ой салуы тиіс, - дейді осы саланың сарапшылары.
Виктор Асыланов, зерттеу бюросының жетекшісі:
Ресей темір жолымен серіктестік орнату жолдарын қарастыру қажет. Өйткені, зығыр мен бидайдың қатты сұрпына еуропа елдерінде сұраныс жоғары. Нарық - Еуропада. Өткізуге болады. Енді сол жаққа жеткізу үшін Ресейдің солтүстік порттарын көздеген дұрыс. Балтық теңізіндегі порттарға шығу керек.
Астық нарығын зерттеуші Асылановтың айтуынша, біздің бидайды сырт елдерге сібір порттары арқылы да сатуға болады. Алайда алыс жолдың тасымал тарифі мен шығындарын тағы есептеу керек. Ең дұрысы, астық тасымалына субсидия бөліну қажет, -дейді. Сонымен қатар сарапшы, сапалы өнімді Қытайға өткізуді ұсынып отыр. Ол үшін экспорттаушылар қалың қытайдың талап-ережесін ескеріп, астық нарығын зерттегені абзал.
Заңғар Санай, Данияр Серіков, Әйгерім Құсайынова, Абзал Құрманкин «Біздің уақыт».