Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Белгілі спортшы ұрған елордалық жігіт ес жия алмай отыр

AstanaTV
01.11.2019ж. 20:00
7164
Белгілі спортшы ұрған елордалық жігіт ес жия алмай отыр

Әлемдік додаларда топ жарып келген боксшы Азат Камзин ұрған елордалық әлі ес жиған жоқ. Туыстары оны мүгедек болып қалады ма деп қауіптенеді. Себебі, 28 жастағы жәбірленушінің денесі жансызданған. Тіпті жақындары бүтін бір отбасын асыраушысынан айырған спортшы, өз беделін пайдаланып, жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Тақырыпты Айя Мүтәлі мәселені анықтауға тырысып көрді.

Рүстем мен Анжелика қыздарының 1 жасқа толған туған күнінің арты осындай қайғыға ұласарын білмеген. Рүстем қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Басына қатты зақым келгендіктен, 2 рет ота жасалыныпты. Алайда, беті бері қарар емес. Денесінің бір бөлігі толығымен жансызданған.

Анжелика СЫЗДЫҚОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ӘЙЕЛІ:

Дәрігерлердің күйеуімнің өмірімен арпаласып жатқандарына ертең бір апта болады. Олардан әлі жақсы жаңалық ести қойған жоқпын. "Бәрі дұрыс болады. Ол аман қалады" деп айта алмай отыр. Қызымның әкесі үйге қайтып орала ма, әлде мүгедек болып қалама белгісіз.

Оқиға 26 қазан күні түнде үлкен сауда дүкендерінің бірінің алдында болған. Екі бейтаныс жігіттің арасында жоқ жерден кикілжің туып, арты төбелеске ұласты. Кәсіпқой спортшы елордалық тұрғынды жұдырықпен есінен тандырып қойған. Абырой болғанда, айыпталушы оқиға орнынан ізін-суытпапты. Жедел жәрдем шақыртып, көмек көрсеткен. Дегенмен, Рүстемнің туыстары бұл деректер оның жазасыз қалуына көмек болуы мүмкін деп отыр. 

Шолпан СҰЛТАНОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:
 
Әр адам өзінің істеген ісіне, жауапкершілік тарту керек. Сен білдің. Сен спортсменсчің. Сен чемпионсың. Сен білесің қолың сенің қаруың. Сен неге иығынан ұрмайсың. Неге сен жай ғана итеріп жібермесің. Біз ұлымның бетіне қарап отырған жанбыз.  Мама, мен келдім. Мама, я дома деген сөзіне бәленбай күннен бері зар болып отырған жайымыз бар.

Рүстемнің туыстары айтып отырған Азат Камзин Қазақстан чемпионатынан, әлемдік додаларда топ жарған спортшы. Қазірде бокстан бапкер қызметін атқарып жүрген көрінеді. Бұрынғы әуәсқой спортшымен байланыстық. Оқиғаның мән-жайын сұрағанда, Азат жауабын тек қысқа ғана қайырды.   

Азат КАМЗИН, СПОРТШЫ:

Бұл туралы пока ештеңе айта алмаймын. Іс қаралып жатыр. Сот болады.

Қазір бұл оқиға бойынша жергілікті полиция департаменті іс қозғаған. 26-жастағы спортшы үй қамауында отыр.

Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Сол күні ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамауға алынған болатын. Осы дерек бойынша қазіргі таңда ҚР қылмыстық кодексінің 106 бабы, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.


Зардап шегушінің туыстары спортшы өзінің лайықты жазасын алады деп сенеді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, егер спортшының соққысы қасақана жасалғаны анықталса, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылу мүмкін.

А. Мүтәлі