Атыраудағы облыстық периниталдық орталық жабылмайды. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз отырысында осылай деді. Облыс әкімі аймақта атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. Халықаралық маңыза ие «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысы 2022 жылы толықтай аяқталатынын жеткізді.
Ауыр қылмысқа барған перзентхана дәрігерлеріне қатысты істі тергеу әлі жалғасып жатыр. Перинаталдық орталық болса, қазір қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жұмыстан кетуге өз еркімен арыз жазғандардың 4-уі өтінішін кері қайтарып алыпты. Қалғандарымен түсіндірме жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Дегенмен маман тапшылығы мәселе тудырмайды деді.
Нұрлан НОҒАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Перинитарлық орталық жабылмайды. Ол қажетті деңгейде өзінің жұмысын жасап жатыр. Дәрігерлердің жетіспеушілігі бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2016 жылы облысқа 144 маман қажет болатын болса, 2019 жылдың 9 айының көрсеткіштері бойынша 30 дәрігер қажет. Біз бұны да алдағы уақытта жүйелі түрде шешеміз. Дәрігердің қажеттілігін жоямыз деп отырмыз.
Облыс басшысы өңірдегі жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстарға да тоқталды. Аймақта жол мәселесінің 85 пайызы реттелген. Бұл жұмыстарға биыл 39 млрд теңге қаржы бөлініпті. Енді 32 елдімекенді қамтитын 165 шақырымды жол салу басталған. Биыл басталған республикалық маңызға ие «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысы 2022 жылы толықтай аяқталмақ.
Нұрлан НОҒАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Ірі жоба бұл - Астрахань- Ресей федерациясы шекарасы. Атырау-Ақтөбе тас жолы салу. Атырау-Астрахань 272 шақырымды құрайды. Бұның 60 шақырым. Қазіргі таңда өңдеу, жөндеу құрылыс жұмыстары жүргызылып жатыр. 2021 жылы бұл жолды ашу жоспарланып отыр.
Облыста бекіренің жаппай қырылып қалғанына қарамастан, биыл су маржандары 1,5 есе көп жиналған. Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Өңір басшысының мәліметінше, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 5,453 миллион теңге бөлінген. 216 шақырымды тереңдету жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.
А. Мүтәлі