Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«Жусан» операциясымен елге оралғандар арасында радикалды идеологияны ұстанатындар бар

AstanaTV
06.11.2019ж. 20:00
3266
«Жусан» операциясымен елге оралғандар арасында радикалды идеологияны ұстанатындар бар

«Жусан» операциясымен елге оралғандар арасында, әлі де радикалды идеологияны ұстанатындар бар. Қазақстан Дінтанушыларының ІХ форумында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов осылай деді. Ал ел ішінде теріс ағымның арбауында жүргендердің саны 20 мыңнан асқан. Олардың көпшілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан. 

Әлия "Жусан" операциясымен елге оралған отандасымыз. Ол 2015 жылы отбасы мүшелерімен бірге Сирияға кетіп, ДАИШ ұйымына қосылған. Жат елде оны «Ум исхақ» деп атаған. Қазір түрмеде. "Ислам мемлекетін" құрушыларды қолдады деген айыппен бес жылға сотталған. 

АИДА АМАНГЕЛДІ:

Ол жаққа бара салысымен бәрімізді соғысуға мәжбүр етті. Әкем үлкен кісі еді. 14 жасар ініммен бірге соғысуға мәжбүрледі. Ол жақта соғыспасаң, ең жаман адам боласың. Кейін өлім қарапайым үрдіс болып қалды. Өкінем әкемдердің жоқтығына.

Адасып жат ағымның жетегімен, шетке кеткен отандастарымыздың нақты санын, құзырлы орындағылар білмейді. Ал, ел ішінде деструктивті діни ағымды ұстанғандар 20 мыңнан асқан.  Олардың көбі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында.

Сергей ШВЕЙКИН, ҚР ҰҚК ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ ОРТАЛЫҚ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Интернеттегі үлкен насихаттың салдарынан біздің жеке азаматтар шетелдегі әртүрлі террористік ұйымдарға қосылып кетеді. Кейін олардың қатарынан табылу үшін шетелге шығады. Осындай жағдай алғаш 2008 жылы тіркелді. Содан бері олардың көбі көз жұмды. Елге жеткізілгендері де бар. 

ХХІ ғасырдың басынан бері әлемде 72 мыңнан астам теракт болып, одан 170 мыңдай адам көз жұмған. Теріс діни ағымның бұлайша күшке ие болуына ғаламтордың қосар үлесі зор. Мамандар жыл басынан бері интернеттегі 25 мың материалдың көзін жойған.

Дәурен АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Құқыққа қарсы сипаттағы материалдарды анықтау мақсатында интернеттік мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері интернетте 25 мыңға тарта материал жойылды. Терроризм мен діни экстремизм идеологиясы насихатталған 13 мың материалға шектеу қойылды. Алайда бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіру керек.

Ал, «Жусан» операциясымен елге оралғандармен жұмыс әлі жалғасуда. Дегенмен олардың арасында әлі де радикалды идеологияны ұстанатындар бар.

Марат ӘЗІЛХАНОВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Мұндай адамдардың саны бірнешеу ғана. Дегенмен олардың ешқайсысында экстремисттік ниет жоқ. Олар оңалту курсынан өтуге міндеттеледі.

Бүгінгі күні елде теріс діни ағымдармен күреске 7 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Бас мүфтидің айтуынша имамдар да осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Нәтижесі көңіл қуантады. Жыл сайын 500-ден астам азамат жат ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінмен қауышып келеді.

Ә. Өмірзақ