$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжар өңірінде малдың кесіріне болған жол апаты көбейді

AstanaTV
13.11.2019ж. 20:00
3501
Қызылжар өңірінде малдың кесіріне болған жол апаты көбейді

Қызылжар өңірінде соңғы бір айдың ішінде малдың кесірінен болған жол апаты көбейді. 1 жолаушы, 14 мал құрбан болған. Сондықтан полицейлер халық арасында ескерту жасап жатыр. Мал-жанның қырылуын қысқарту үшін қайтпек керек? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкиннің материалы.  

Қызылжарда жұмыс бабымен жүрген Украина азаматы Александр Коваленко жол бойында мал кезіп жүретінін жиі кездестіретін көрінеді. Мұны мал иелерінің жауапсыздығы деп санайды.  

Александр КОВАЛЕНКО, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ: 

Қалыпты жылдамдықты сақтаудың арқасында күні бүгінге дейін біреуін де соққан емеспін. Шаруаларға түнде малды қораға қамау керек. Бұл тек жол апатын азайтып қана қоймай, мал ұрлығының да алдын алар еді. 

Тұрғындар үй жануарына ие болмағандықтан, төрт түлік түнгі мезгілде жолдың үстімен еркін жүреді. Теріскейде соңғы бір айдың ішінде малдың қатысуымен үш бірдей жол апаты болған. Айыртау ауданында камаз көлігі бір уақытта бақандай 12 жылқыны қағып кеткен. Ал Есіл ауданында болған жол апаты адам өлімімен аяқталды. Аймақтағы жол апаттарынан 14 жылқы өлген.  

Баян БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ИНСПЕКТОРЫ:  

Көліктің жүргізушісі жылқыны соққан. Осының нәтижесінде көліктің жолаушылары әртүрлі жарақат алды. Бірнеше күннен кейін жол көлік оқиғасы нәтижесінде бір әйел алған дене жарақтатарынан кейін Явленка аурухасында қайтыс болды. Факті бойынша көбінесе мал бағушы кінәлі. Ол факті бойынша ҚР ҚК 345 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Шаруалар малын сақтап қалу үшін белгі таға бастаған. Мойынға ілінген жүген түнгі уақытта жарық түскен кезде аппақ болып жанады. Оның сәулесін көлік жүргізушілері сонау 400 метр қашықтықтан байқай алады. Шаруалар бұл жаңашылдықтың арқасында жол үстінде төрт түліктің қырылуы тыйылады, дейді.  

Төрт түлік бағатын Бейбіт Әбілов ауыл тұрғындарымен бірлесіп, бүкіл табынға ақ қамыт кигізуді қолға алған.  

Бейбіт ӘБІЛОВ, ЛЕНИНСКИЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Аралағаш ауылына барып салдық, енді Рублевкада. Мұнда менің екі жылқым бар. Лента жылқының мойныңда бір метр ғана тұр. Ол 200-ақ теңге. Онда тұрған ештеңе жоқ. Халық ойлайды бәрін тегін істеу керек деп. Міне істеп жатырмыз ғой. Келдік, істедік,болды. Жол апатын азайту үшін ол өзімізге байланысты, сосын жүршізушіге байланысты. 

Батыс Қазақстан облысында да иесіз малдың кесірінен жол апаты көбейіп барады. Жыл басынан бері 86 жол апатынан 2 адам қаза тауып, 12 жолаушы жараланған. Мал қожайындарының көбі жазаға тартылмай отыр. 

Гауһар ҚАРАМЕНОВА, БҚО ДП АҒА ИНСПЕКТОРЫ: 

33 факті бойынша мал иелері табылып, әкімшілік жазаға тартылған болатын. Ал қалған фактілер бойынша мал иелері табылмай отыр. Соған байланысты іздеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ең басты себебін айтуға болады: малдың құлақтарында ені болмауына байланысты. 

Қазір полицейлер малға ақ қамыт тағу ісін барлық аудандарда насихаттауды көздер отыр. Тәртіп сақшылары жаңа талапқа әрбір шаруа құлақ түрсе, жол апаттары да азаяды деп сенеді.  

А. Құрманкин