Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Венецияда су тасқынына байланысты төтенше жағдай енгізілді

AstanaTV
15.11.2019ж. 20:00
2880
Венецияда су тасқынына байланысты төтенше жағдай енгізілді

Венецияда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Италия билігі тасқын салдарын жою үшін 20 млн еуро бөлді. Билік әзірге шығынды нақты есептей алмай отыр. Бірақ шамамен 1 миллиард еуроға жетуі мүмкін деген болжам айтты. Қаланың құтын қашырған апат жайлы тілшіміз тарқатады.  

Сейсенбіде Венециядағы су деңгейі 187 см-ге дейін көтеріліп, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұған дейін мұндағы су тек 1966 жылы ғана көтерілген. Қазір тасқын деңгейі шамамен 40 см төмендепті. Бірақ тұрғындар әлі де алаңдаулы. Венецияның көрікті жері Сан-Марко алаңы су астында қалды. Қасиетті Марка соборының залдарында су деңгейі 1 метрден асып жығылады. Тұрғындар қаланың қақ ортасында ескек есіп жүр.   

Апатты жағдай туристерге кедергі емес. Жергілікті халық жан бағып жүрсе, сырттан келушілердің саны арта түскен.  

Игорь ЧИСТОВ, ТУРИСТ: 

Су басқанын ести сала, Венецияға келуді жөн санадық. Өйткені мұндай кезде қала мүлдем көріктене түседі.

Юлия ЧИСТОВА, ТУРИСТ:  

Венеция біз үшін өте қызықты қала. Ал су тасқыны кезінде ол мүлде қызықтыра түсті.

Қаланы қалпына келтіруге жүздеген миллион қаражат қажет. Қала мэрі шығындардың орнын толтыру оңайға соқпайтынын айтады. Тіпті алдағы апаттың да алдын алуымыз керек деп отыр.   

Луиджи БУГНАРО, ВЕНЕЦИЯ ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ:  

Судың тасуына Солтүстіктен Оңтүстікке ескен жел де әсер етті. Содан кейін Венецияны тасқыннан қорғайтын Пеллестрин аралын да су басты. Ол жердегі үйлер әлі де су астында жатқанын ойлаудың өзі қорқынышты.

Италия басшылығы 2021 жылға дейін Венецияны су тасқынынан қорғауға арналған Моисей жүйесін құрылысы аяқталады деп уәде берді. Жүйе 2003 жылдан бері аяқталмай келеді. Италия тұрғындары құрылыс жұмыстарының ұзақ уақытқа созылғанына наразы.  

Джузеппе КОНТЕ, ИТАЛИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:    

Бұл су тасқыны үлкен зиян келтірді. Құтқару операцияларын жедел аяқтауды қолға алып жатырмыз. Бүгінгі кеште төтенше жағдайлар орын алмайды деп үміттенеміз. Жағдай үнемі бақылауда болмақ.

Билік тұрғындар мен туристерді сабыр сақтауға шақырады. Ал, синоптиктер болса судың тағы көтерілуінен қауіптеніп отыр.  

Ғ. Өтемісов