Өлтіріп, ауласына көміп, үстіне қаннен қаперсіз ас ішіп келген. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында 21 жыл бұрын болған қанды қылмыстың беті ашылды. Жақындары жоғалып кетті деп жүрген орман инспекторының денесі көршісінің үйінен табылды. Адам аяғының астында жатқан мәйіт қазір полицияда. Ал, қанды қылмысты жасаған бұрыңғы полиция қызметкері болып шықты. Данияр Әлімқұлдың репортажы.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:
Биыл көзі тірі болғанда 70 жасқа келетін Кеңесхан Мәдіханды жақындары жоғалды деп жүргеніне 21 жыл болған. Алайда марқұмның ағасының айтуынша, ол 49 жасында көршісінің қолынан көз жұмған. Оны ауылдасы аңшылық мылтықпен атып тастаған дейді. Артынша денесін көміп, үстінен шағын ас ішетін жазғы сарай соққан.
Қасымхан Шүңіреков марқұм ағасына қатысты жайтты кездейсоқ анықтапты. Айтуынша марқұм орман инспектор болып істеген. Сол күні жұмысына кеткенмен, үйіне оралмапты. Қанша рет табаннан таусылып іздегенмен таба алмаған. Бірақ көршісінен күдіктенгенін жасырмайды.
Қасымхан ШҮҢІРЕКОВ, МАРҚҰМНЫҢ ІНІСІ:
Күйеуім адам өлтіріп қойған, ол мені де өлтіріп қоюы мүмкін. Ұрысқанда сондай сөз айтады. Ағалары үндемейді. Олар татуласады. Кейін тағы бір ұрыс-керіс болғанда күйеубаласы айтады сенің артыңды ашамын, тыныш жүр деп. Сөйтсе ол айтыпты 20 жыл өтіп кетті. Маған түк те істей алмайды деген ғой. Дәлелдей алмайды деп.
Қасымхан қарияның сөзінше, көршісі ағасын өлтіргенде жалғыз болмаған. Өйткені сыбайластарының бірі бұл қылмысты өз әйеліне айтып қойған. Осылайша бұл әңгіме марқұмның ағасының құлағына да жетеді. Ести сала облыстық прокуратураға істі қайта қарауға хат жазған.
Қасымхан ШҮҢІРЕКОВ,МАРҚҰМНЫҢ ІНІСІ:
Ештай мойындапты деп естідік. Соның есік алдына барып, соның үйінің бұрышынан көмген жерін көрдік. Енді Сейфулланың қатысы бар. Бөгенбай жаңағы кімнің үйіне қонған. Сейфулланың үйіне. Танымаймын дейді бір-бірлерін. 21 жыл аяғының астында жату деген... есігінің алдында. Ол қалай ұйықтап, қалай тамақ ішіп жүр?
Полиция ұзақ жылдар ұмыт болған қылмысқа қатысы қайта іс қозғады. 61 жастағы күдікті қылмысын мойындап, қолхатпен босатылыпты.
Гүлсара МҰХТАРҚҰЛОВА,ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Күдікті өз түсініктемесінде аталған жағдайдың достарымен ішімдік ішіп, ерегісіп қалуы салдарынан орын алғанын мәлімдеді. Ерегіс кезінде күдікті «ИЖ» маркалы 12-ші калибрлі қарудан оқ атып, қарсыласы оқиға орнында қаза болады. ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлімімен (кісі өлімі) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Елде 20 жылдан асқан қылмыстар өндірістен алынаты жайлы арнайы заң бар. Бұл ретте аса ауыр қылмысқа қатысы бар күдіктіге қандай жаза қолданылатыны әзір белгісіз. Полиция ол туралы айтпай отыр. Ал, күдіктінің сыбайластарының тергеуге алынған-алынбағаны да жұмбақ. Екі аптаға созылатын сараптама жұмыстарынан кейін марқұмның мәйітін туыстары жер қойнына жөн- жоралғысымен қайта жерлемекші.
Д. Әлімқұл