Негізгі / Жаңалықтар / Түркістан облысында жол апатынан зардап шеккен 11 адам ауруханада

Түркістан облысында жол апатынан зардап шеккен 11 адам ауруханада

Түркістан облысындағы 4 көліктің соқтығысуына көктайғақ себеп. Облыстық полиция департаментінің мамандары осылай деп отыр. Ірі жол апатынан 11 адам ауруханаға түскен еді. Олардың біразы жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға орнына барып қайтқан әріптесім Айзада Төребекқызы жағдайды баяндады.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Жол көлік оқиғасы Алматы-Термез тас жолының осы бөлігінде болған. Бұл Қазығұрт аулынының тұсындағы Келес өзенінің үстіне салынған көпір. Қазір оқиға орнында соқтығысқан көліктердің кейбір бөлшектері болмаса, анау айтқан із байқалмайды.

Жол апаты кеше күндізгі 11 дің шамасында болды. Бір мезетте төрт автокөлік соқтығысқан. Оқиға орнын куәгерлер түсіріп алған. Төрт көлік соғылып, біреуі отқа оранған.  

Полицейлердің мәліметше, жантүршігерлік апаттан 14 адам сол маңдағы орталық ауруханаға шұғыл жеткізілді. Үшеуіне үйіне қайтарылғанымен, көбі ауруханаға жатқызылды. Ал жансақтау бөліміне түскен 8 адамның екеуі бүгін палатаға ауыстырылған. Дәрігерлер көмекке облыстан білікті мамандар шақыртылғанын айтты. 

Наушарман БОРАНБАЕВА, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бір науқасқа ота жасалынды. Бірінші алғашқы көмек көрсеткеннен кейін ол науқастың жағдайы тез арада анықталып, отаға алынды, лапоратомия жасалды. Ішкі бауыр селезенкасы езілген. Одан кейінгі жағдайы қазір ауыр, тұрақты.

Облыстық полиция департаментінің бастығы жол көлік оқиғасына көктайғақ себеп болғанын жеткізді. Оның үстіне жүргізушілер арақашықтықты сақтамаған, -деді 

Қайрат ДӘЛБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: 

Жол көлік оқиғаның орын алу себебі ауа-райының салдарынан болып отыр. Көпірдің үстінде көктайғақ пайда болып, сол жол жүру ережесін сақтамағандықтың салдарынан бір бірінің артынан соқтығысып, осындай жол көлік оқиғасы орын алды.

Дегенмен, апаттың нақты себебін полицейлер анықтап жатыр. Өңірде бүгін де жол апаты тіркелді. Сарығаш ауданы аумағында бір мезетте 7 автокөлік соқтығысқан.  

А. Төребекқызы