Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Сирек кездесетін дертке шалдыққан астаналық тұрғын министрліктен көмек сұрады

Сирек кездесетін дертке шалдыққан астаналық тұрғын министрліктен көмек сұрады

Сирек кездесетін дертке шалдыққан астаналық тұрғын министрліктен көмек сұрады. Бақытжан Нұрғысова ішкі ағзадан қан кету диагнозымен ауыратын Қазақстандағы жалғыз науқас. Айтуынша, осыдан 21 жыл бұрын соқыр ішегіне ота жасаған дәрігерлер оның ішіне қайшы қалдырып кеткен. Қайта ота жасатып, оны алдыртқанымен, ішкі ағзасына едәуір зақым келіпті.  Бүгінде ол 2 топтағы мүгедек. «Nur Otan» партиясының қабылдауына келген әйел бұл ауруды жазатын мамандар мен дәрілердің жоқ екенін айтады. Сондықтан, шетелде емделуге мәжбүр. Шығынын әупірімдеп жүріп, өзі өтеп келеді. Себебі, мемлекеттен бөлінетін жәрдемақы ол шығынды жаппайды деп отыр.

Бақытжан НҰРҒЫСОВА, 2 ТОП МҮГЕДЕГІ:

Мен қазір 45 мың теңге жәрдемақы аламын. Ол ақша түкке де жетпейді. 6 рет өз қаржыма ота жасаттым. Дәрі-дәрмектерім де қымбат. Мемлекеттен берілетін дәрілердің мерзімі өтіп кеткен. Мен сияқты диагнозы бар адам елде мүлде жоқ. Ең болмаса, анализдерімді тегін жасауға мүмкіндік берсе болады ғой. Ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған.


Талай мекеменің табалдырығын тоздырған әйелдің шағымын тыңдаған Бердібек Сапарбаев бұл істі жеке бақылауына алатынын айтты. Ол үшін денсаулық сақтау министрілігіне арнайы тапсырма беретіндігін жеткізді.  

Бұдан бөлек, партия қабырғасында Мәжіліс депутаттары да ел азаматтарын қабылдады. Олар тиісті жәрдемақының уақытылы берілмеуі мен баспана кезегінің жылжымауына наразылық білдірді. Айта кетсем, ел тұрғындарының шағымдары мен өтініштері әр сейсенбі және бейсенбі күндері «Nur Otan» партиясының ғимаратында қаралады.

А. Мүтәлі