Павлодарда жұртты карта ойнауға шақырып, миллиондарды қалталарына басқан топ ұсталды. Күдіктілердің бесеуі Өзбекстан азаматы болып шықты. Полиция департаментінің мәліметінше, топ жымысқы әрекеттерін базар маңында ұйымдасқан түрде іске асырған. Базардағы сатушылардың бірі қолындағы тауарын көрсетіп, кейіннен көліктегі тауарды көруге шақырған. Соңынан тағы бірнеше сыбайласы тұтынушы ретінде жіберілген. Осылайша сатушы қоймадан тауар әкелуге кеткенде сыбайластардың бірі уақыт өткізу үшін карта ойнауды ұсынған. Алғашқыда оған бірнеше мәрте ұтқызып, кейінен қомақты 1 миллионнан аса сомманы ұтып алған көрінеді. Әзірге арбауға түскен 2 адам шағымданған. Оның бірі - 64 жастағы зейнеткер.
Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы, яғни, алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру кезінде 6 азамат ұсталды. Олардың жас шамасы 40 пен 70 жасты құрайды.
Ө. Қуанар