Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

"Nur Otan" партиясының үздіктері марапатталды

AstanaTV
13.12.2019ж. 20:00
3601
"Nur Otan" партиясының үздіктері марапатталды

Тәуелсіз елдің дамуына үлес қосқан "Nur Otan" партиясының мүшелеріне мемлекет басшысының атынан арнайы төс белгілер табысталды. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда елеулі еңбек еткен үздік партия қызметкерлері де марапатталды. Салтанатты шарада оларды партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтады.

"Nur Otan" партиясы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында үздік мамандарды марапаттауды дәстүрге айналдырған. Осы жылы партия жобалары мен жұмыстарын жандандыруға ерекше үлес қосқан қызметкерлер «Парасат», «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін» сияқты мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия жұмысының ерекшелігіне тоқталды.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 
20 жылдан астам уақыт аралығында партия жұмысының жемісін көріп отырмыз. Әрине іргесін қалайтын кезде көптеген қиындықтардан өттік. Бірақ Елбасының көрегендігі мен саясатының арқасында ол қиындықтарды жеңе білдік. Тек қаржылай ғана емес, дұрыс идеологияны халық санасына сіңдіріп жатырмыз. Сондықтан бұл сарабдал жұмыстарды әрі қарай да жандандыра түсу қажет.


Тәуелсіздік ел үшін теңдесі жоқ ұғым. Осылай деген Партия төрағасының бірінші орынбасары Президент бастамаларын орындауда жұмыла еңбек еткен әріптестеріне алғысын айтты.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Елбасының жарлығымен осындай үлкен марапатты табыстау рәсімі маған бұйырғаны мен үшін үлкен мәртебе. Ел еңсесін көтеруде ерен еңбектеріңіз өрлей берсін. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын.

Алдан СМАЙЫЛ, ЖАЗУШЫ, МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ ИЕГЕРІ:

Бүгін партияның орталық аппаратында өз салаларында жетістікке жеткен бір топ азамат марапатталып жатыр. Барлығына құрметті де құтты болсын. Биылғы жыл өз ерекшеліктерімен есте қалды. Келер жыл бұдан да табысты боларына сенемін.


Биыл республика бойынша 350-ден астам нұротандық марапатталды. Солардың бірі Қарағандылық Минниагзам Аглияров. Ол 60 жылдан астам уақыт Сарыөзен ауылының халқына қызмет етіп келеді. Қыс бойы ауыл тұрғындарының ауласындағы қалың қарды тегін тазалап береді. Талай рет жолда қалған жолаушыларды қытымыр қыстың қаһарынан құтқарған. Жергілікті халық оны «Сарыөзеннің супермені» деп атап кетіпті.

Минниагзам АГЛИЯРОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мен ғұмыр бойы партия мүшелігінде қызмет етіп келемін. Кеңес заманында комсомол болдым, кейіннен комунист атандық. Қазір Нұр Отан партиясының қатарындамын. Ауылды гүлдендіруге бар күшімді салып жүрмін. Қашан да күш-жігер табылды екен. Ол барда әрі қарай да жұмыс істей беремін.

Ал «Дос» мүгедектер орталығның мамандары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арманын орындайды. Кедергісіз келешек бағдарламасы арқылы қаншама жанның өмірін жеңілдетіп отыр. Орталық мүшесі Ардақ Отарбаев «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Ол жұмысты ілгерілетуге жаңа леп алдым,-дейді.

Ардақ ОТАРБАЕВ, «ДОС» МҮГЕДЕКТЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсарту біздің ортақ ісіміз. Бұл істерді әрі қарай жалғастыра береміз. Ешқашан тоқтамайды.


Бауыржан Байбек Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Отандастар» ұйымымен бірлескен келісім-шарт жасасқанын айтты. Енді шеттен келген қандастарға көмек арта түспек. Сондай-ақ партия мүшелері қолға алған жобаларды келер жылы да жалғастырады. Осы орайда аймақтардағы бастауыш партия ұйымдарына тапсырмалар жүктелді.

Ғ. Өтемісов