Жарты миллион қазақстандық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тіркелмеген. Ал, бұл жүйе бірінші қаңтардан бастап енгізіледі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, бірінші сәуірге дейін бұл азаматтар шартты түрде сақтандырылады деді. Яғни халық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіретін қызметті еш кедергісіз ала алады. Осы уақыт аралығында әркім өзінің сақтандыру мәртебесін анықтап үлгеруі тиіс.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Қазіргі уақытта халықтың 97% - ы деректер базасына тіркеліпті. Олардың мәртебесі онлайн түрде анықталған. Ал, тіркеліп үлгермегендердің саны жарты миллионға жуық. Министр ітркелмегендерді анықтау қиынға соғатынын айтты. Себебі, олардың қатарында қайтыс болғандар мен елден көшіп кеткендер де бар.
Денсаулық сақтау министрі міндетті сақтандыру қазақстандықтардың 88% -ын қамтитынын жеткізді. Медициналық сақтандыру туралы ақпаратты қордың электронды сайтынан білуге болады. Ал, азаматтар төлемді кез келген екінші деңгейлі банк арқылы төлей алады.
Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Заң бойынша әрбір адам, егер соңғы 3 айда ең болмағанда бір төлем жасаса, МӘМС тегін қызметіне құқылы. Себебі, заң қаңтардан бастап күшіне енетіндіктен біз жыл соңынан бастап төлеуін талап ете алмаймыз. Заң жобасын толық іске қосқаннан кейін барлық азаматтарды сақтандырып, медициналық көмек көрсететін боламыз.
Келер жылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін халық саны 1,5 миллионға артады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов осылай деді. Ол медициналық қызметтерді сатып алу электронды форматта өтетінін айтты. Бұл арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын аламыз деп отыр.
Айбатыр ЖҰМАҒҰЛОВ, МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
2020 жылы қор алдында бірқатар міндеттер тұр. Қорды медициналық қызметтерді біріңғай сатып алушы ретінде қалыптастырамыз. Науқастар құқығын да жіті назарда ұстаймыз. Сапалы медициналық көмек көрсетуде мұның маңыздылығы жоғары. Қызметті сатып алуды цифрландыру арқылы парақорлықтың алдын ала-аламыз.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың қаңтарынан бастап толық іске қосылады. Қазірдің өзінде 1,5 мыңға жуық медициналық ұйым сақтандыру қоры аясында қызмет көрсетуге дайын.
Ғ. Өтемісов