$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Орал әуежайына шассисіз қонған ұшаққа қатысты комиссия құрылды

AstanaTV
11.10.2017ж. 20:00
4788
Орал әуежайына шассисіз қонған ұшаққа қатысты комиссия құрылды

Орал әуежайына ұшақтың апатты жағдайда шассисіз қонуына қатысты карнайы комиссия құрылды. Бұл туралы Инвестиция және даму министрі айтты. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, төтенше жағдайға құстар «кінәлі». Абырой болғанда, экипаж мүшелері дін аман. Әуежай уақытша жабылып, жүздеген жолаушы жолдарынан қалды. Еркін Карин толықтырады.

Еркін Карин, тілші:

Мамандардың сөзінше, оқиға ұшақ қонуға бағыт алған 300 метр биіктікте болған. Құс соғылып, шассиі ашылмай қалған ұшақ жерге бауырымен қонады. Экипаждың үш мүшесі аман қалғанымен, ұшақ зақымданған. Қазір оқиғаның қалай болғанын анықтау үшін министрлік комиссиясы құрылды. 

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Біздің мамандарымыз таңертеңнен бері авиациялық оқиға болған жерде жүр. Құс ұшақтың терезесіне соғылғаны анықталды. Құстың қалдықтары ұшақтың қалған бөліктерінен де табылды. Қалғанын комиссия анықтайтын болады.

Ұшақ әуежайлардағы навигациялық жүйелерді тексеретін қазақстандық «Air Control» әуе компаниясына тиесілі болып шықты. Апатты жағдайда қонған ұшақ Орал әуежайының ұшу-қону алаңындағы навигациялық жүйесін әуеден шолуға жіберілген.

Жәнібек Тайжанов, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің көлік оқиғалары мен оқыс оқиғаларды тексеру департаментінің директоры:

1998 жылы құрастырылған «Кинг Эйр Б-300» ұшағы соңғы рет Германияда сәуір айында күрделі жөндеуден өткізілген. Тиісті сертификаттарын да алған. Ұшақ 2018 жылдың жазына дейін ұшуға жарамды.

Осы оқиғаның кесірінен Ақтау мен Алматы рейстері екі сағатқа кешігіпті. Бұл кезде әуежай қызметкерлері ұшу-қону алаңында шашылған ұшақтың сынықтарын тазартумен болған. Осыдан кейін әуежай ұшуға дайын болып, түнгі сағат он екіде кешіккен рейстер аттандырылды.

Рахман Оспанов, «Air Control» компаниясының вице-президенті:

Экипаж мүшелері - тәжірибелі мамандар. Жұмыс өтілі 40 жылдан, ал ұшу уақыты 12-15 мың сағаттан асады. Құстардың ұшаққа соғылуы әлем әуежайларында болып тұрады. Оның алдын-алу кей жағдайда мүмкін емес. Қазір ұшақтан дыбыс жазу құрылғылары мен «қара жәшік» алынып, тексеріліп жатыр.

Қазір Орал әуежайы қайта ашылып, қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрАл болған оқиғаны тексеру жұмысы ұзаққа созылатын түрі бар. Өйткені кеңестік ұшақтарды тексеру 30 күннен аспаса, шетелде құрастырылған техниканы тексеру оңай емес. Бұл үшін сол ұшақты жасаған елдердің мамандары әкелінеді екен.

Еркін КАРИН