Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Алматыда кіші сержанттың ісіне қатысты кінәлілер жауапқа тартылмақ

Алматыда кіші сержанттың ісіне қатысты кінәлілер жауапқа тартылмақ

Алматыда әскери бөлім қызметкері оқу жаттығу кезінде жарақат алып, ауруханадан бір-ақ шықты. 26 жастағы Әдіхан жұмыста- темір қақпаның астында қалып қойған. Азаматтың омыртқасы екі жерден сынды. Туыстары оның жұмысқа сап-сау кеткенін айтып, әскери бөлімдегілер мүгедек етті деп отыр. Сондықтан, нағыз кінәлілердің әділ жазалануын талап етуде. Толығырақ тараптарды тыңдап қайтан әріптесім Әсем Лесбек жалғастырады.

Қаладағы мына «61-те 993-ші» әскери бөлімінде Әдіхан Маралов үш жылдан бері қызмет атқарған. Оқыс оқиға да дәл осы десанттық шабуылдаушы мекемеде болыпты. 26 жастағы кіші сержант 6-шы желтоқсан күні таңғы сағат алтыда дабылмен жұмысқа шақыртылады. Сол күні оқу-жаттығу кезінде оның үстіне темір қақпа құлаған. 

Береке БІРЛІКҚЫЗЫ, ЖҰБАЙЫ:
 
Танкіні қыздыру керек екен бұлар, соны қыздыруға кетіп бара жатқанында артынан келіп құлап қалады, астында екі бүктеліп қалып кеткен. Құлағаннан кейін сағат 10 ға дейін маған ешкім хабар бермеген, 10 да күйеуімнің өзі хабарласты. Менің жолдасыма көмек ретінде еміне көмектессін және де барлық шығындарды төлеп берсін.

Әскери аурухана дәрігерлері бел омыртқасы сынған Әдіханға әлі жарты жылға жуық күтім қажет екендігін айтып отыр. Әрі алдағы уақытта оның жұмысқа жарамай қалу қаупі барын да жасырмайды. Науқастың жақындары енді оның болашағына алаңдаулы.

Сәбира ДӘУРЕНБЕКОВА, ТУЫСЫ:
 
Бір отбасын асырап отырған жап жас жігіт. Неге бұған адамгершілік жүзінде командирлері жауап бермей жатыр. Келсең командир жоқ дейді. Сексен сегізінші жылы құрылған екен, мына ворота оған біз жауап бермейміз, қорғаныс Министрлігі жауапты дейді. Сонда кім жауап береді? Енді бір адам мүгедек болып отыр.

Ал әскери бөлімдегілер оқыс жайтқа қатысты полицейлермен бірігіп тексеруді бастапты. Тіпті кінәлілерді тауып, жазаладық дейді. Бірақ жаза түрін айта алмады.
 
Бегімбет ТӘЖІБАЕВ, «61993» ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ КОМАНДИРІ:

Төрт адам алды. Ол командирдің қару-жарақ жөніндегі орынбасары, командирдің орынбасары, командирдің ротасы және техник ротасы. Дисциплинарное порядкада командир имеет права өз құқығы бойынша қандай жаза берілуі мүмкін, барлық жазалардан сонымен жазаланады. Мысалға сөгіс, қатаң сөгіс. Қазір қақпаларымыздың бәрін ремонттап, өз қалпына келтіріліп қойды.

Ем-дом әскери адамға тегін жасалады. Осылай деген әскери бөлім басшылары құлаған қақпа жайында ақпарат бере алмаймыз дейді. Оның қаншалықты ескірген не ескірмегенін ашып айтуға құлықсыз. Ал омыртқасы оңбай жараланып, әскери аурухана төсегіне таңылған Әдіханның өзі бұл оқиға оқыстан боолды деп отыр.

Әдіхан МАРАЛОВ, «61993» ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ КІШІ СЕРЖАНТЫ:

Техникалық ахау болғаннан кейін біреуді кінәләй алмайсың. Ол өздігінен құлап жатыр ғой біреу итеріп жіберген жоқ. Ешкімді кінәләй алмаймын ғой енді. Сауығып кетсем құдай қаласа барып өзімнің орнымда өзімнің міндетімді ары-қарай жалғастырамын ғой.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Ал сарбаздың жақындары інәлілердің әділ жазалануын талап етпек. Оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаған мекеменің ісін Қорғаныс Министріне жеткіземіз дейді.


Ә. Лесбек