Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Энергетика министріне сөгіс жарияланды

AstanaTV
10.10.2017ж. 20:00
3219
Энергетика министріне сөгіс жарияланды

Қырғызстандағы сайлауалды науқаны бауырлас екі халықтың достығына көлеңке салмауы керек. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысын осындай сөздермен ашып, қырғыз басшысы Алмазбек Атамбаевтың негізсіз сандарға сүйеніп сөйлегенін айтты. Үкімет отырысы дүйім жұртты мазасын алған өзекті бензин тақырыбымен жалғасты. Бақытжан Сағынтаев энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялап, оның орынбасары Әсет Мағауовты орнынан қуды. Айгүл Әдепбай тақырыпты жалғастырады. Айгүл, тағы кімдер сөгіс алып, кімдер қызметінен босатылды?

Айгүл Әдепбай, тілші:

Иә, Оксана, әдетте бір баппен өтетін Үкімет отырысы бүгін бұрқ-сарқ болды да қалды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың сөгіс алып, оның орынбасары қызметінен қуылғаны елең еткізді. Үкімет басшысы бензинге қатысты бітпейтін сылтаулармен келісе алмайтынын айтып, мұны өз ісіне салғырттық деп бағалады. Алайда, Энергетика министрі «елде бензин тапшылығы жоқ» деп мойындамады. Премьер-министр мұндай бірсарынды жауаптардан әбден ығыр болған сияқты. Бірден шешім қабылдады. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Мен келесідей шешім қабылдаймын. Үкімет мүшелеріне қатысты тәртіптік жазаны ел Президенті қабылдайтын болғандықтан, мен бүгін Мемлекет басшысының атына Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа қатысты сөгіс жариялау үшін ұсыныс енгіземін. Вице-министрлер менің құзыретімде. Сондықтан энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа қатысты оны қызметінен босату туралы шешім қабылдаймын. 

Үкімет отырысынан соң, «енді не істейсіз» деп ентелеген журналистердің сұрағына министр «менің тағдырым Президенттің қолында» деп жауап берді. «Қарашаның бірінші тоқсанында баға тұрақталады» деп сендіріп, әзірге шыдамдылық танытуға шақырды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Мен айтамын, Премьер-министр тікелей басшым, сондықтан оның шешімін талқылайтын менің ешқандай мүмкіндігім жоқ.

«Қазмұнайгаз» басшылары да жазасыз қалмады. Премер-министрдің қаһарына олар да ілікті. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

«ҚазМұнайГаз» бойынша Премьер-министр және «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің төрағасы ретінде «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасына өз міндетін тиісті атқармағаны үшін сөгіс ретінде тәртіптік жаза жариялау үшін тапсырма беремін. Және «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаевтың өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаймын.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Осылайша сөгістер мен жазаларды аямай үйіп-төккен Бақытжан Сағынтаев министрлерге "бұдан былай жауапкершілікті өзгеге аудармай, өздерің жауап бересіңдер" деп қаһар көрсетті. Алайда, жауаптылар жазаланып жатқанмен, бензин бағасы өзгеріссіз. Көптеген бекеттерде АИ-92 150-155 теңге аралығында сатылып жатыр. Ал ең бай халық Батыс Қазақстанда тұратын сияқты. Оларға бензинді 200 теңгеден саудалап жатқан стансалар бар көрінеді. Еркін, осы ақпарат рас па?

Еркін Карин, тілші:

Иә, өкінішке орай, рас болып шықты. Облыстың екі ауданында АИ-92 маркалы бензиннің литрі 200 теңгеден сатылғанын әкімдік мамандары растады.

Бейімбет Мусин, БҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

Бөкей ордасы мен Жәнібек секілді шалғай аудандарда АИ-92 маркалы бензин қалаға қарағанда жоғары болды. 200 теңгеден 190-180 теңгеге дейін түсті қазіргі уақытта. Бұл мәселе бойынша өкілетті органдармен анализ жасалуда.

Қазір бағаны қымбаттатқан жанармай бекетіне ескерту жасалған. Дегенмен оған қандай жаза берілері белгісіз. Бұл іспен бәсекелестікті реттеу және табиғи монополияларды қорғау департаменті айналысады. Ал облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының дерегінше, облыс бойынша кемінде әлі бір айға жететін бензин қоры бар. Сондықтан бензин тапшылығы туралы айтуға әлі ерте. Қазір Оралда жанармай бағасы 153-164 теңге аралығында. Бағасы бұрынғыдан қымбат болғанымен, бензин кедергісіз сатылып жатыр.

Еркін Карин, тілші:

Қазір бензиннің 70-80 пайызы Оралға Ресейден әкелінеді. Қалғаны - атыраулық зауыттың үлесінде. Мамандар жанармай бағасының қашан тұрақталарын тап басып айта алмайды, сондықтан жағдайды сырттай бақылаумен шектеледі. Өйткені бензин бағасын мемлекет реттемейді. Ең арзан бензин Қызылордада екен. Шарипа, сіздерде жанармай бағасы қанша?

Шарипа Сақтапова, тілші:

Иә, Еркін, Қызылорда облысында баға салыстырмалы түрде арзандау деуге болады. Оны бірақ кейбір жеке жанармай бекеттерінен табасыз. Оның өзінде баға құбылып тұр.

Таңертең жанармайды 143 теңгеге құйсаңыз, қазір литрі 146-148 теңгеге дейін жетеді. Ал ірі компаниялардың жанар-жағармайлары өзге аймақтардағы бағадан қалысып жатқан жоқ. АИ-92 150-152 теңге аралығында саудаланып жатыр. Ешқандай тапшылық, талонмен беру, кезек, даурығу да байқалмайды. Аймақта бензин мәселесіне жауапты кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, облыста жағармай жеткілікті.

Азамат Досжанов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Қазақстан Республикасынын энергетика министрлігімен ай сайын облысымызға мұнай өнімдері бөлініп жатыр, шамамен 8-10 мың тоннадан. Онын көлемі Қызылорда облысына жеткілікті. Қазіргі жағдайда АИ-92 маркалы бензин екі мың тоннадан жоғары қалып тұр, бұл жеткілікті, 10 күнге жетеді. Әрі қарай әр айдың 15-нен бастап тағы да бөлінеді мұнай өнімдері.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Оксана, біздегі жағдай осындай. Сөз кезегі өзіңізде...

Рахмет, Шарипа. Аймақтағы жағдай тілшілеріміздің бақылауында болмақ.