$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қарағандыда батут оқиғасына қатысты сот аяқталды

AstanaTV
24.12.2019ж. 20:00
2172
Қарағандыда батут оқиғасына қатысты сот аяқталды

Қаладағы саябаққа заңсыз орнатылған батуттың қожайындары - аудандық төтенше жағдай бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Тәкішев 5 жылға, ал оның әйелі Әлия Тәкішева 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот олардың жас балалары барын ескеріп, әйел бүлдіршіндері 14 жасқа толған соң ғана жазасын өтейді,- деген үкім шығарды. Шулы отырысқа барып қайтқан тілшіміз  Айжан Қуаш әңгімелейді.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Қарағандыдағы қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық сот аты шулы істі 1 ай бойы қарады. Осы уақытта ерлі- зайыпты Тәкішевтер батуттың аударыла ұшуын желге сілтеп кінәларын бірде бір рет мойындамаған. Алайда судъя бүгін тергеу орындары оқиғаға куәгер балалар мен ата- аналарды сұрау кезінде олардың кінәлары толық дәлелденгенін айтты.

Өткен мамырдың 25-і күні болған қаралы оқиға көптің есінде. Кешкі бестер шамасында орталық саябақта батут аударыла ұшып, 12 жастағы ер бала қаза тапты. Тағы 3 - еуі жарақаттанды, тіпті біреуі мүгедек болып қалған. Тәкішевтер ҚК- тің 306- ыншы, «қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қызметтерді ұсыну» бабымен сотталды.

Арғын ҚҰТЫШЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША АРНАЙЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Сот барлық жағдайларды ескеріп, Ерлан Тәкішевті 5 жылға, ал Әлия Тәкішеваны 4 жылға бас ботсандығынан айырады. Олар орта қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде жазаларын өтейді. Алайда Әлия Тәкішева балалары 14 жасқа толғаннан кейін ғана қамалады. Балаларын қамқорсыз қалдырмау үшін осындай үкім шығардық, екеуі жазаларын кезекпен өтейді деген сөз.

Мұнымен қоса Тәкішевтер қайтыс болған баланың анасына 4 млн, мүгедектік болып қалған балаға 2 жарым, ал қалған екі бүлдіршінге 1 жарым млн және 500 мың теңге көлемінде моральдық шығын өтеуі тиіс.

Марина КИРЕЕВА,  ҚАЙТЫС БОЛҒАН БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Мен үшін ең бастысы оларды жазаға тарту. Моральдық өтемақыдан бұрын оларды ақыры кінәлі деп таныды. Мен соған ырзамын.

Естеріңізде болса, батут қожайындары Тәкішевтер болса қаза тапқан бала батутта болған жоқ, - деп жалтарған. Алайда бүлдіршіндер мен ересектер жапа шегушінің дәл сол сәтте батуттан сырғанағалы тұрғанын көрген. Судъя Арғын Құтышев батуттың саябаққа еш рұқсатсыз, құжатсыз, тіпті қауіпсіздік шараларынсыз орнатылғанын айтты. Мәселен, 26 қазықпен қағылуы тиіс салмағы 708 келі қондырғы небәрі 10 қазықпен қағылған. Саябақ қызметкерлерінің ескертуіне ерлі- зайыптылар құлақ аспаған. Дәл сол күні полицияға шағым жазбақ болған. Алайда  батутты алғанша, ол аударылып үлгерген.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Осылайша жас балалары ескерілген ерлі- зайыптыларға ең төменгі жаза берілді. Судъя отбасы жапа шеккендерге моральдық шығынды өтейтін болса, әйелдің 5 жылдан кейін түрмеге отырмауы мүмкін екенін де айтты. Яғни ол жазасы шартты түрге ауысуы мүмкін.

А. Қуаш