Үкімет зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану туралы ұсынысты әзірледі. Енді оны Президент қарауына жібереді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты. Дегенмен қордағы қаражаттың нақты кімдерге берілетіні белгісіз. Түпкілікті шешімді мемлекет басшысы қабылдайды, деді ол. Толығырақ, Әлішер Өмірзақ жалғастырады.
Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:
Биыл әлеуметтік салада атқарылған жұмысты қорытындылаған Бердібек Сапарбаев зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану мәселесі де шешімін табуға жақын екенін айтты. Қазір қорда 10 трилионнан теңге бар. Салымшылардың саны 9 млннан астам. Орта есеппен бар қаржыны салымшыларға шаққанда 1 млн теңгеден айналады. Ал бұл зейнетке шыққанда жақсы өмір сүру үшін жеткіліксіз. Премьер-министрдің орынбасары оған кемі 10 млн теңге қажет, деді. Осыны ескерсек, тиісті қаражатты жинай алғандар ғана керек ақшаны шеше алады.
Бердібек САПАРБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ертең ол зейнеткерлікке шыққанда, жақсы өмір сүру үшін ең кемінде 11-12 млн теңге оның есепшотында болуы керек. Біз енді оның бәрін есептедік. Мемлекет басшысы қалай шешім қабылдайды, сосын біз оны жүзеге асырамыз. Барлығына есеп бар, әрбір қазақстандықтарға.
2020 жылы көп балалы отбасыларға "Еңбек" бағдарламасы бойынша бизнес-несие мөлшерлемелері 4% - ға дейін төмендейді. Және шағын несие беру, сүйемелдеу мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартады. Ал енді мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа қабылдамаған компания жазаланатын болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Қазір елімізде 690 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 224 мыңы жұмысқа жарамды. Бірақ осы күні 106 мың кембағал ғана қызметке қабылданған. Қалғандары жұмыссыз. Сондықтан оларды қызметпен қамту үшін осындай шара қолданамыз. Мәселен, Канадада мүгедектерді жұмысқа алмаса, компаниялар мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын тендерлерге қатыса алмайды. Ал Германия мен Жапонияда мүгедектерге өтемақы төлеуге міндеттейді. Біз осындай тәжірибелерге сүйенуді көздеп отырмыз.
Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:
Министр бүгінде бұл заң жобасының тұжырымдамасы бар. Жоспарға сәйкес оны 2020 жылы қабылдау керектігін айтты.
Ә. Өмірзақ