Апатқа ұшыраған әуе кемесінде техникалық ақау болмаған. Қаңырап тұрған нысан болмағанда, жолаушылар дін аман қалар еді. "Бек Эйр" компаниясының басшысы осылай мәлімдеді. Заңгерлер жергілікті билік жер кодексін- өрескел бұзғанын айтып отыр. Тақырыпты тілші тарқатады.
Орал қаласының тумасы Бекзат Жанболатова 27 желтоқсан күні әуе апатынан аман қалғанның бірі. Мойын, бел омыртқасы зақымданып,оң аяғы сынған бойжеткен тірі қалғанына шүкіршілік етеді.
Бекзат ЖАНБОЛАТОВА:
Қазір өзімді жақсы сезінемін. Осыдан бес күн бұрын соңғы ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, бірнеше күннен кейін тұрып, жүруіме де болады. Қайғылы оқиға болған күні мен 11 қатарда отырдым. Мені жанымда отырған адам сыртқа алып шықты. Тіпті, сол кезде қай жерімнің ауырып тұрғанын да сезбедім. Бәрі есімде.
Ұшақ апаты болған күні ауруханаға 52 жеткізілген еді. Қазір 30 адам ем қабыдап жатыр. Оның жетеуі бала.
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, АЛМАТЫ Қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бүгінгі таңда барлығы 22 ота жасалды. Оның екеуі балаларға жасалды. Оталардың барлығы нәтижелі жасалды деп есептеледі. Медициналық, диагностикалық және дәрі-дәрмек қазіргі заман талаптарына сай толық көлемде көрсетілуде.
Олжас ӘБІШЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Барлық зардап шегушілер Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Барлық қажетті көмектер жасалды. Бәрінің жағдайы жақсарып, беті бері қарап келеді. Жақын күндері ауруханадан шығарыла бастайды.
Заңгерлердің айтуынша, тұрғын үйлер әуежай аумағынан төрт шақырым қашықтықта орналасуы керек. Алайда, осыдан тоғыз жыл бұрын апат болған аумаққа үй салуға заңсыз рұқсат берілген екен.
Бақытжан БАЗАРБЕК, ЗАҢГЕР:
Жылы бұл жерлер Гүлдаланың елдімекен шегінде болмаған. Бірақ Талғар ауданы әкімдігі оның Гүлдала елдімекені шегінде болмағанын біле тұрып, жер кодексінің 97 бабын бұзғанын сезе отырып, жердің нысаналы мақсатын ауыстырған. Бұл жер кодексінің 97 бабының талаптарын қатаң бұзу деп есептеледі.
Жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған Бэк Эйр әуе компаниясы апаттан қаза тапқандардың туыстары мен зардап шеккендерге сақтандыру келісімі бойынша өтемақы төлеуді бастап кеткен. Жолаушыларға 5 мың АЕК көлеміне дейінгі өтемақы берілмек. Компания басшысы алдын ала зерттеу Фоккер 100 ұшағында ешқандай техникалық ақау болмағанын айтып отыр.
Нұрлан ЖҰМАСҰЛТАНОВ, «BEK AIR» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біздің зерттеу бойынша командир ұшақты екі рет қазіргіден де үлкен апаттан аман алып қалған. Әуе кемесі шалқалақтап, тіптен тұмсығымен жерге қарай бағыт алған кездер болды. Ұшақтың жылдамдығын азайтып барып, жерге жанаса қонған. Алайда, алдындағы тұрғын үйге соғылған. Үй болмағанда барлық жолаушылар аман қалатын еді.
Қазір екі жолаушы жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы бірқалыпты. Ал, екінші ұшқыш есін жиған. Алайда, оған өзгелердің кіруіне тыйым салыныпты.
А. Кемелжан