Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Тегеран генерал Касем Сүлейманидің өлімі үшін кек алады

AstanaTV
06.01.2020ж. 20:00
2149
Тегеран генерал Касем Сүлейманидің өлімі үшін кек алады

Тегеран- генерал Касем Сүлейманидің өлімі үшін кек алады. Бұл туралы Иран жоғарғы көшбасшысының Бас әскери кеңесшісі Хусейн Дехкан мәлімдеді. Жауапты соққыны АҚШ-тың әскери орталықтарына бағыттамақ. Ал Франция, Ұлыбритания және Германия президенттері - бірлескен мәлімдемеде екі тарапты- Ирактағы қақтығыстан аулақ болуға шақырды. Парсы шығанағындағы бұл шиеленіс - немен аяқталады? Тілшіміздің материалында.

Демократияның ошағы саналатын АҚШ-тағы халық Таяу Шығыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Нью-Йорк танымал Таймс-сквер алдына жиналғандар Ираннан кешірім сұрап, ел билігін Иран, Ливия, Сирия және Ауғанстанды жайына қалдыруды талап етті.

Біз Иранмен соғысуды қаламаймыз. Ол аймақ онсыз да 18 жыл соғыстан көз ашпай келеді. Бұл жағдайға байланысты тағы не дерімді де білмеймін. Тоқтайтын уақыт келді.

Десе де ешкімнің тоқтауға құлқы жоқ. Бүгін Иранда елдің әскери құрылымы мен Ислам революциясы сақшылары корпусының ең ықпалды генералы Касем Сүлейманиді соңғы сапарға шығарып салды. Ол жұма күні Дональд Трамптың бұйрығымен Бағдаттың халықаралық әуежайына жасалған әуе соққысы кезінде мерт болған. Тегеран кек алатынын хабарлады.

Хосейн САЛАМИ, ИРКК ГЕНЕРАЛ-МАЙОР:

Таяу Шығыстан АҚШ-ты шеттетеміз. Вашингтон әркез өздерінің қателіктерінен тас-талқаны шығып, жеңіліс табатын. Бұл жолы олардың тарапына өткендер бүкіл мұсылман жұртшылығының жауы атанады.

Бұған жауап берген Ақ үй қожайыны Иракқа санкция жариялап, ал Иранның 52-і нысанын бомбалайтынын мәлімдеді. Себебі осыдан 40 жыл бұрын АҚШ-тың Тегерандағы елшілігінде 52 адам тұтқынға алынған болатын.

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Егер Иран американдықтарға немесе америкалық активтерге шабуыл жасайтын болса, біз олардың 52-і нысанын бомбалаймыз. Олардың басым бөлігі Иран үшін үлкен маңызға ие. Бұл оларға ескерту болсын.

Осы орайда Вашингтон Таяу шығысқа әскерилерін әкелсе, Ирак керісінше, елден АҚШ әскерилерін шығару туралы шешім қабылдады. Израиль де шекарасын күшейтті.

Биньямин НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Соңғы онжылдықта Касем Сулейманидің көптеген американдықтар мен басқа да азаматтардың өліміне қатысы бар. Ол Таяу Шығыста және одан тыс жерлерде террористік шабуылдар жасады. Трамп батылдығы және жылдам іс-әрекеті үшін құрмет көрсетуге лайық.

Иран Каспий теңізі арқылы Қазақстанмен шектеседі. Сондықтан стратегиялық болмаса да серіктесі саналады. Күні кеше екі елдің сыртқы істер министрі телефон арқылы келіссөз жүргізді. Ал бүгін АҚШ пен Қазақстан «ашық аспан» туралы келісімге қол қойғаны белгілі болды.

Әзірге Иранның Касем Сулейманидің өліміне қалай жауап берері белгісіз. Бұған дейін Тегеранның ядролық мәміледен шыққаны белгілі. Одан бөлек Иран Сауд Арабиясы, Кувейт, Ирак, Оман және Біріккен Араб Әмірліктерінің танкерлері өтетін Ормуз бұғазын бақылайды. Сарапшылар егер оны жабу туралы шешім қабылданса, оның экономикалық зардабы ауыр болуы мүмкін деп есептейді.

Ә. Өмірзақ