Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ұшақтағы 176 адам тіл тартпай кетті

AstanaTV
08.01.2020ж. 20:00
2713
Ұшақтағы 176 адам тіл тартпай кетті

Иранда украиналық ұшақ апатқа ұшырап, борттағы 167 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі түгел көз жұмды. Ел астанасы Тегераннан Киевке бет алған ұшақ көкке көтерілген бетте төменге құлаған. Елшілік өкілдері жантүршілерлік апатқа лайнер қозғалтқышындағы ахау себеп болуы мүмкін деген болжам жасады. Дегенмен Украин азаматтары әуе кемесін Иран зымыраны соғуы мүмкін деп те күдіктенеді. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі апат болған бортта қандастарымыздың болмағанын мәлімдеді.

Бұл алғашқы кадрлар. Жантүршілерлік сәтті жергілікті тұрғындар түсіріп үлгерген. «Халықаралық Украина әуе желісіне» тиесілі ұшақ әуеге көтерілген бетте құлаған. Апат Тегерен әуежайының маңайында болған.

Иран тарапы әуе рейстің құлауына қозғалтқыштың өртенуі себеп болуы мүмкін деген болжам жасады. Теракт деген нұсқаны бірден жоққа шығарды. Яғни АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіске қатысы жоқ екенін меңзеді. Украина президенті бақилық болғандардың туыстарына көңіл айтты.

Владимир ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:


Біздің елшілік трагедияның мән-жайы мен қаза болғандардың тізімін нақтылап жатыр. Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің жақындарына қайғырып көңіл айтамын.


Украиналық ақпарат құралдарының хабарлауынша, опат болған жолаушылардың көбі ирандықтар. 73 адам Канада азаматы. Ал борттағы 13 экипаж мүшесі мен 2 жолаушы украиналық. Қаза тапқандар арасында Германия, Ұлыбритания, Швеция және Ауғанстан азаматтары да бар. Қазақстан отандастар жоқ екенін бірден хабарлады.

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
 
Иран тарапының ресми ақпаратына сәйкес, украиналық ұшақта қаза болғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Сонымен қатар, қазақстандық консул консулдық есепте тұрған Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен байланысып жатыр.

Қазір апат болған аймақ түгелдей қоршауға алынған. Тәртіп сақшылары жан-жаққа шашылған ұшақ қалдықтары мен мәйіттерді тексеріп жатыр. Денелердің басым бөлігі күйіп кеткендіктен оларды анықтау қиынға соқпақ. Өз кезегінде Украина әуе тасымалдаушысы апат болған «Боинг -737» ұшағын жаңа деп отыр. Қолданысқа небәрі үш жарым жыл бұрын берілген.

Денис КРИВОШЕЕВ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШОЛУШЫ:

Жергілікті тұрғындардың түсірген видеотаспасында әуекемеден от шыққаны көрінген. Тек бір бөлігі ғана жанып бастаған. Егер лайнер құлап кетсе, ол ауада құлап кетуі мүмкін. Барлық деректер борттағы экипаж мүшелерінің дыбыстық хабарламаларынан кейін белгілі болмақ. Егер шабуыл болған болса, ол міндетті түрде жазылып қалары анық.

Апат себебін нақты анықтау үшін тергеушілер ұшақтың қара жәшігін тапқан. Бірақ ол қатты бүлінгендіктен мән-жайды да анықтау қиынға соқпақ. АҚШ бұл аймақтағы әуе кеңістігімен қатынауды тоқтатты. Қазақстан да бағытын ұшу бағыттарын өзгертпек. 

Тимур ТІЛЕГЕНОВ, ҚР ИИДМ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІ АВИАЦИЯЛЫҚ ТАСЫМАЛДАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Біз Министрлік атынан ұсыныс бердік осы Иранның әуе кеңістігін қолданбай, басқа мемлекет арқылы ұшу бойынша. Қазір «Эйр Астана» және «Скат» авиакомпаниясынан ақпарат келді. Ресей, Әзірбайжан, Кипр мемлекеттерінің кеңістігін қолдана отырып, сол мемлекеттер арқылы БАӘ-не.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:


Осылайша отандық әуе компаниялар қауіпсіздік үшін әуе жолдарын қайта қарастырып жатыр. Сондықтан кейбір рейстердің ұшу қашықтығы өзгермек. "Эйр Астана" Алматыдан Дубайға дейін ұшу уақыты 20 минутқа, ал Нұр-Сұлтаннан 1 сағатқа дейін ұзартылатынын хабарлады.

Ә. Лесбек