$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда жолаушыларды тасымалдау компаниялары адам саны бойынша жалған ақпарат берген

AstanaTV
09.01.2020ж. 20:00
2039
Қызылжарда жолаушыларды тасымалдау компаниялары адам саны бойынша жалған ақпарат берген

Қызылжарда жолаушыларды тасымалдау компаниялары жергілікті биліктен жол тарифін субсидиялауды сұрап отыр. Бірақ есеп берген кезде олар жолаушылардың саны бойынша жалған ақпарат ұсынған. Бұл жайында тексеріс жұмыстары барысында белгілі болды. Шенеуніктердің айтуынша, қоғамдық көлік иелері адам санын 3 есе азайтып көрсеткен. Қоғамдық көліктің тарифі өзгере ме? Мәселені аймақтағы тілшіміз қазбалап көрді.

Нөмірі 20 бағыттың жүргізушісі Анатолий Роженков автобус тізгінін 25 жылдан бері басқарып келеді. Осы уақыт аралығында бірталай көлік маркасын айдап көрген. Бірақ қазіргісі көңілден шыққан көрінеді. Тәжірибелі жүргізуші халық көптен күткен ұзын автобустар Петропавлға жарамайтынын айтады. Себебі, жолаушылардың саны тым аз, дейді ол.

Анатолий РОЖЕНКОВ, ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

Автобус тек таңертен, түс ауа мен кеш уақытында ғана толық. Қалған уақытта автобус жартылай бос. Мен ай сайын 70 мың теңгенің шамасында аламын. Егер тариф өссе, біздің жалақымыз да көтерілер еді.


Бүгінде Қызылжарда 23 бағыт бойынша 300-ге жуық автобус қатынайды. Олардың басым бөлігін қытайлық қысқа автобустар құрайды. Жолаушыларды тасымалдау компаниялары тарифтің соңғы екі жылда өзгермегенін айтады. Сондықтан шығынды ақтау үшін жергілікті биліктен субсидия бөлуді сұрап отыр.

Болат РАХИМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛДАУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қоғамдық көліктің қазіргі тарифі 80 теңге. Бірақ біздің шығынымыз бұдан әлде қайда артық. Компаниялардың табысы жоқ. Сондықтан біз жергілікті билікпен субсидия мәселесін қарастырып отырмыз. Егер әкімдік тарифке демеуқаржы бөлсе, онда жолақы сол баяғы 80 теңге қалпында қала бермек. Ал бөлмейтін болса, жолаушыларды тасымалдау саласы тығырыққа тірелмек.

Жолаушылар тасымалдау қауымдастығы жариялаған мәліметке сүйенсек, 2018 жылы осы саладағы 11 компанияның жалпы шығыны бір миллиард теңгеден асқан. Былтыр олар он екі жарым миллионнан астам жолаушыны тасымалдаған екен. Демек, әрбір жолаушыға тура 100 теңгеден шығындалған. Бұған олардың табысы мен қосымша құн салығын қосқанда, қазіргі шынайы тариф 129 теңгеден кем болмауы керек, деп санайды жауапты компаниялар. Осыған байланысты олар жетпей тұрған 49 теңгені субсидиялауды сұрап отыр. Алайда, бұл мәліметке күмәнмен қараған жергілікті депутат оны қайта есептеп, сан соқты.

Павел АФАНАСЬЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Әрбір жолаушыға тура 100 теңгеден шығын шықты дегенге сену қиын. Жолаушылар тасымалдау қауымдастығының берген сандарын қайта есептеудің нәтижесінде қазіргі шынайы тариф 34 теңгенің маңайында шықты. Қазіргі тариф, яғни 80 теңге, олардың барлық шығынын ақтап отыр. Ал жолаушылар тасымалдау компаниялары қосымша 49 теңгені субсидиялауды өтінген.  Демек, олардың табысы нақты шығыннан үш есе асып түспек.


Жолаушылар тасымалдау компанияларының жалған мәлімет бергеніне жергілікті билік те көз жеткізген. Жолаушылардың нақты санын білу үшін олар өткен айда бірнеше автобусқа адам санын есептейтін құрылғыны орнатыпты. Халық саны 2-3 есе асып түскені дәлелденген.

Дастан ҚАЗИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Біз қала бойынша екі қоғамдық көлік бағытын таңдадық. №2-бағытта жүретін бір автобус күніне 2200 адам тасымалдаған. Бұл жолаушылар тасымалдау компанияларының берген мәліметінен 1.6 есе артық. Ал №4-бағытта жүретін автобус бір күнде 7300 адамға қызмет көрсеткен. Демек, шын мәнінде бұл бағытта қатынайтын адам саны үш есе көп.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жолаушылар тасымалдау компанияларының арбауына қайта түсіп қалмау үшін жергілікті әкімдік электронды билет жүйесін енгізуді қолға алмақ. Яғни, қолма қол есеп айырысудан біржола бас тартпақшы. Нәтижесінде жолаушылардың нақты саны белгілі болмақ. Содан кейін субсидия мен тариф мәселесін қарастыруға болады, дейді әкімдік өкілдері.

А. Құрманкин