Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Нұр-Сұлтандық көлік жүргізушілері автотұрақтардың ақылы болғанына қарсы

AstanaTV
13.01.2020ж. 20:00
2504
Нұр-Сұлтандық көлік жүргізушілері автотұрақтардың ақылы болғанына қарсы

Нұр-Сұлтанда биыл көлік тұрақтары ақылы болады. Әкімдік бұны жол қозғалысын реттеу үшін жасап жатырмыз дегенімен, көлік жүргізушілері бұл өзгеріске түбегейлі қарсы. Олар жол жиегіндегі кез келген автотұраққа ақы төлеу әжептеуір қалтаны қағады деп отыр. Себебі, тұрақта 1 сағат тұрақтау үшін 100 теңге төлейсіз. Жол қозғалысындағы өзгерістер жайында тілші тарқатады.

Жаңа жыл астаналық автожүргізушілер үшін жағымды жаңалығымен бастала қойған жоқ. Биылдан бастап жол ережесі қатаңдағымен қоймай, нұрсұлтандық әр көлік жүргізушісі темір тұлпарын автотұрақта қалдыру үшін ақы төлейді. Авто тізгіншілер оны «халықтан жай ақша жинаудың амалы» деп отыр.

БЛИЦ:

- Әр жерге тоқтай берсең, 100 теңге төлей берсең болмайды ғой. 100 теңге, 200 теңге төлей берсең.

- Тұрақты ақылы етудің қажеті жоқ. Сағатына 100 теңге төлеуге бәрінің бірдей шамасы келмейді. Бұл тым қымбат. Жарты сағатқа тұрақтасаң, сезілмейтін шығар. Бірақ, машинаны қалдырып кетсек, біраз ақшамыздан қағылайын деп тұрмыз ғой.

- Онсыз да ақшадан тарығып жүрген адамдармыз. 10 минутқа қалдырып кетсек те, 1 сағаттың ақшасын төлейміз. Осындай жолмен ақша істеудің қажеті қанша.


Көлік жүргізушілерінің жаппай наразылығы шаһар басшылығының да құлағына жеткен болса керек, олар бұл жүйе әлі енгізіле қойған жоқ деп ақталды. Қалалық маслихат бұл мәселені талқылауда деді. Дегенмен, шаһардағы бірнеше тұрақ ертелі-кеш ақылы болатын жасырмайды. Көлігіңізді тұраққа қою үшін сағатына 100 теңге төлейсіз. Оған қала ішіндегі бірқатар әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй маңдары да кіреді. 

Руслан АБДУАЛИЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Оның барлығы қала жерлеріне байланысты. Оның барлығы қала меншігіндегі жерлер. КСК-ға байланысты үйлердің жанындағы, өздерінің территорияларына байланысты тұрақтарға кірмейміз. Тек қана жаңағы парковки общего пользование дейді ғой. Сондай жерлерге кіреміз.


Шаһар басшылығы автотұрақ қызметін тұрақты пайдаланушылар үшін де арнайы жеңілдік абонементтерін енгізуді жоспарлап отыр. Төлем СМС, терминал, паркомат немесе онлайн төлем жүйелері арқылы жасалады. Тұрақтың ақысын төлемеген жағдайда, айыппұл салынбақ.  

 А. Мүтәлі