$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елордалық әйел күйеуінен 20 жыл бойы қорлық көрген

AstanaTV
15.01.2020ж. 20:00
4582
Елордалық әйел күйеуінен 20 жыл бойы қорлық көрген

Сұмдық оқиға! Елордалық Шолпан Көшербаева 20 жыл бойы өз жұбайынан қорлық көрген. Ол күйеуі өзін өлтірмек болып жүргенін айтты. Құлдық пен қорлықтан қашқан жәбірленуші құқық қорғаушыларға да шағымданған. Бірақ, тергеушілер психикалық ауруханаға жібереміз деп қорқытқан көрінеді. Бойын шарасыздық пен үрей билеген әйелдің жағдайымен тілшіміз Ғалымжан Өтемісов танысып қайтты.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Тірліктің тауқыметін көрген кейуана 20 жыл бойы осы темір есіктің артында қорлықпен өмір сүріп келген. Қазір азапталған үйде ешкім жоқ, есік құлыптаулы.

Күйеуінен қашқан Шолпан Көшербаева қазір туысының үйін паналап жүр. 30 жасында екінші рет тұрмыс құрған ол жолдасы маскүнемдікке салынып, күнде ұрып-соғатынды шығарған. Тіпті қайынжұртынан да жапа шеккенін айтты.

Шолпан КӨШЕРБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің көзіме қышқыл құйып көр-соқыр етті. Ақерке мен Айсана. Олар мені өлтіргісі келеді. Әлі күнге дейін қорқамын. Тіпті сыртқа шығуға да қорқамын. Ал, күйеуім Айсананы да Ақеркені де зорлаған. Олар ішіп алған сайын мұны бетіме басып, мені соққыға жығады.

Былықтың беті адам өлімінен соң ашыла бастаған. Жәбірленушінің айтуынша, күйеуі маскүнем достарының бірі Ерлан Қанапияновты соққыға жығып, өлтіріп алған. Ал, күдікті ретінде қылмысқа мүлде қатысы жоқ Тимур есімді жігіт тергеуге алынды деп отыр. Ұлының кінәсіз екенін дәлелдеуге кіріскен Зейнеп Шакірғанова бұл отбасының былығы көп деді. 

Зейнеп ШӘКІРҒАНОВА, БЕЛСЕНДІ:

Мен қызығып іске кірісіп көріп едім. Тіпті кішкентай 4 жасар немере қарындасына да әлімжеттік жасаған екен. Ал екі жасында арақ беріп, улап алған. Айта берсең былық өте көп.

Шолпан Көшербаеваның айтуынша, жұбайы бұған дейін де 2 рет кісі өлтірген. Әйтсе де, ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған. Адам өлімін көріп, қорлықтың құрбаны болған ол тергеушілерге де жүгін көрінеді. Бірақ, олар сөзіме сенбей қоқан-лоққы көрсетті деп отыр. Ал қорғансыздың қорғаушысы мұнда бір былықтың бары анық дейді.

Талас САҒЫМБАЕВ, ҚОРҒАУШЫ:

Департаменттің атына Саденовпен кездестірсін деп арыз жаздық. Бірақ тергеушілер барын салып, бізді кездестірмеудің амалын жасады. Заң бойынша осындай информация келсе, бір сутканың ішінде қылмыстық іс қозғалуы керек еді. Бірақ қозғалған жоқ.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Нұрлан Әбішов жапа шегуішінің арызы кеше ғана түсті деп отыр. Ал адам өліміне қатысты істе Шолпан Көшербаеваны куәгер деп таныған. Қазір оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр деді.

Нұрлан ӘБІШОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
 
Қаңтардың 14-і 110-бапқа сәйкес, арыз келіп түсті. Оны тіркедік. Біз тергеу барысында өз мәлімдемесінде көрсетілген осы фактілер бойынша көзбе-көз жауап алғымыз келеді. Мәселенің анық-қанығын анықтаймыз.

Ғ. Өтемісов