Түркістан облысының кәсіпкері аудан атқамінерлері кәсібімізге балта шауып жатыр деді. Ордабасы ауданының орталығында сауда-саттықпен айналысатындар арнамызға осылай деп арыз айтты. Шағымдарына сүйенсек дүкендері сүрілмек. Айзада Төребекқызы толықтарды.
Темірланның саудасын қыздырып тұрған кәсіпкерлер бір сәтке жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Дүкен орындарын мемлекет қажеттілігі үшін алынсын деген аудан басшысының қаулысына қарсы. Қажымұқан көшесінің бойына жайғасқан үлкенді-кішілі жеті дүкеннен нәпақа тауып отырғандар далада қаламыз ба деп алаңдайды. Әсіресе жастар жылы несие алып, кәсіп ашқандар тығырыққа тіреліп тұр.
Оразгүл АСЫЛБЕКОВА, ЖАС КӘСІПКЕР:
Мен кәсіпкерлігімді енді бастағанда мен қайда барам? Менің өзім төрт бала-шағам бар, кредитім бар мойнымда, күйеуім жұмыс істемейді. Үйіміз жоқ. Жас кәсіпкерлікті оқыдық біз. Өзімнің кәсібімді ашып отырмын. Темірланда басқа жұмыс жоқ жастарға арналған.
Нұрдәулет ХАЛМЕН, ЖАС КӘСІПКЕР:
Жастар жылы дегеніне байланысты мен 3 млн ақша алдым кредит. Магазин дүкенді алып ашқаныма 1,5 ай болды. Ертең мына дүкен бұзылады дейді, бұзылса мен қайда барам? Қайда істеймін, қалай төлеймін кредиттті. Жас кәсіпкерлікті қолдаймыз деген еді ғой, бұ қалай болды?!
Жергілікті билік дүкендердің орнына гүлзар салып, аумақты көріктендірмекші. Алайда төбеден жай түсірген бұл жаңалықты саудагерлер газеттен естіген. Қазір бұл ғимараттардың бағалау құны да жария болған. Бірақ сатушыларды бұл баға қанағаттандырып отырған жоқ.
Гүлзажира ӨТЕШ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:
Мен осы жерде істеп отырған дүкенімнен маған бары жоғы 6 млн 800 беріп отыр. 6 млн 800-ді мен жылдыққа 6 млн доход істеймін деп налогқа төлеп отырмын мен. Ал олар маған 6 млн 800 беріп отыр. Одан басқа менің жанымда істеп отқан үстімде асхана жұмыс істеп тұр. Олар да күн көріп отыр, қанша жұмысшылары бар.
Дүкеннен бөлек автотұрақтың да орны алынбақшы. Ауданның жерге жауапты басшысы мұның бәрі орталықты көріктендірудің қамы үшін қолға алынғанын алға тартты. Оның есебінше жолға жақын беттегі 7 нысанға ұсынған баға тәп-тәуір, 35 млн теңгенің үстінде. Тағы үш нысанның құны бағаланып жатыр деген шенеунік дүкендер қызыл сызықтың үстінде тұрғанын қосты.
Қыдырбай СЕЙІТҚҰЛ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Ол кісілер кәсіпкерге тосқауыл боп отқан жоқ, антибарьер деп ойламаңыздар. Бұл жерде тек қана ауданымыздың орталығының абаттандыру, орталық көшеміз ғой Қажымұқан көшесі былайша айтқанда орталық көше, сол орталық көшеге абаттандыру жұмысы жүргізіледі, қызыл сызықтың үстіне түскеніне байланысты осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Әкімдіктегілер кәсіп иелері егер бағаға келіспесе сотқа жүгінуге кеңес берді. Ал сауда-саттықпен күнелткендер өз дүкендері қызыл сызықта орналасты дегенмен мүлде келіспейді. Оны кезінде сотпен дәлелдеген де көрінеді. Күн көрісімізден айрылмаймыз дегендер жерді оңайлықпен босатпауға бекініп отыр.
А. Төребекқызы