$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мемлекет Басшысының Иран,Түркия, Өзбекстанға сапарынан

AstanaTV
16.04.2016ж. 20:00
1852
Мемлекет Басшысының Иран,Түркия, Өзбекстанға сапарынан

Осы аптада Қазақстан Президенті аймақтық және субаймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әрқайсысы өте маңызды роль атқаратын 3 мемлекетке ресми сапар жасады. Иран, Түркия және Өзбекстанға. Түркияда Ислам ынтымақтастығы ұйымының 13-САМММИТ-ің аясында  Сауд Арабиясының королі  Салман бен Әбдел Әзиз әл- Саудпен жүздесті. Ал Иран, Түркия, Сауд Арабиясы мұсылман әлеміндегі геосаяси орталықтары.  Және бәсекелес орталықтар... Өзбекстан Орталық Азиядағы қауіпсіздік бойынша аса маңызды мемлекет. Кейбір сарапшылар Қазақстан мен Өзбекстан арасында Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне қарағанда үлкен бір текетірес жоқ деп есептейді. Оған бірінші кезекте екі мемлекеттің басшыларының бір-біріне құрметі, бірін-бірі түсінетіні себеп- дейді. Негізі, мәселелер бар. Мысалы, су. Дәлірегі су тапшылығы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың геосаяси орталықтарға жасаған сапарының кейбір қырлары туралы Ләйлә Қазияқпарованың материалы.

Бұл аптада Президент сыртқы саясатқа мықтап ден қойды. Нұрсұлтан Назарбаев аймақтық қауіпсіздіктің сақталуына ықпалы бар үш мемлекет: Иран, Түркия және Өзбекстанға барып, тараптар арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарды. Енді, ресми сапарлардың әрбіріне жеке тоқталсақ. Иран. Бұл мемлекетпен Қазақстан әрдайым достық қарым-қатынаста, белсенді экономикалық ықпалдастықта. Ислам республикасы  халықаралық санкциялардың шырмауына түскенге дейін де осылай болатын. Көптеген халықаралық және өңірлік мәселелерге қатысты позициялар бойынша екі тараптың ұстанымдары ұқсас. Бейбіт ядролық энергетиканың дамуынан бастап Каспий аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дейін. Айтпақшы, Иранның ядролық бағдарламасының оң шешілуіне Қазақстанның да септескенін ұмытпаған жөн.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Казахстан никогда не прерывал своих отношений с Ираном, включая тяжелые для вас годы санкций, которые иранский народ и вы как бизнесмены с честью перенесли. Самые тяжелые моменты запуски переговоров ядерной программы произошли именно у нас в Алмате и они легли в основу достигнутых договоренностей, мы этим гордимся, мы оказали посильную помощь братскому иранскому народу.

 «Алтылық» елдерімен бір келісімге келген соң Иран экономикалық құрсаудан шықты. Жылы лебі бізге де сезілді. Мәселен, Президенттің осы сапарының арқасында жалпы құны 2 миллиард доллар болатын 66 екіжақты құжат мақұлданған. Түрлі салаларды қамтыған келіссөздердің ішінде  көлік-логистикадағы уағдаластықтар маңызды,- дейді сарапшылар.

Александр Князев, сарапшы:

Тегерендағы келіссөздер нәтижесінде бірқатар келісімдерге қол қойылды. Бастысы, Қазақстанның Парсы шығанағында өз порты құрылады. Осылайша Оңтүстік бағыттарға жол ашылады. Ал, Иран болса Қазақстан аумағындағы Каспий теңізінде өз терминалын тұрғызады.

Иран Президенті  Хасан Роухани бізге ресми сапарламақ. Елбасы әріптесін күтетінін айтты. Иранға сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаев осы мемлекеттің рухани көшбасшысы Әли Хаменеймен кездескенін де айта кеткен жөн. Олар халықаралық  өзекті мәселелер жөнінде пікір алысты. Түркияда, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд Маданимен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев  Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынасты оң жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынасты түзеу керек. Ондай ажырату ол біздің жауларымызға көмек  болып саналады. Екіншіден біздің мұсылман діні дүниеде ең соңғы келген әділ дін деп айтамыз. Біздің дініміздің үздік екенін білеміз. Соны дүниеге дәлелдеу үшін ғылым мен техника технология өркендеуіне мұсылман елдеріне жұмыс жасау керек.

Ал, «Мұсылман әлемі сүнниттер мен шейіттерге бөліну қатерінің алдында тұр, бұған жол бермеу керек» деген позициясын Президент Ыстамбұлда ислам мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде айтты. Баяндамасында Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 15 ел халықаралық лаңкестердің қысымына ұшырағанына тоқталды. Кесірінен сан миллион мұсылман үмбеті әлемнің әр қиырында жан сауғалап, босқынға айналуға мәжбүр,- деді.

ПрезиденттіңТүркияға сапары бұл мемлекеттің қиын геосаяси кезеңіне келгенін де ұмытпаған жөн.  Бүгінде Анкара Мәскеумен қырғи-қабақ екені белгілі. Өткен аптада Таулы Қарабақтағы қақтығыстың өршуі отқа май құйғандай. Себебі түсінікті - Әзірбайжанды Түркия, Арменияны Ресей "бауырына" тартады. Бірақ Қазақстан бірнеше жүрісті комбинациялар жасайды.

Александр Князев, сарапшы:  

Қазір Түркия айналасындағы жағдай мәз емес. Елдің ішкі тұрақсыздығы тағы бар. Мемлекет Таяу Шығыс, Сирия, Ирактағы текетірестерге де тікелей қатынасып отыр. Менің ойымша Қазақстан басшылығы қазір бауырлас елін барынша қолдап жатыр. Сонысымен өз көзқарасын аңғартып қалды. Яғни бір ғана саяси ойыншыға үміт артып отырмайтынын көрсетіп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған, түрік холдингтері мен компанияларының басшыларымен кездесіп, Ресей жағынан экономикалық қысым көріп отырған түріктерге Қазақстанға бет бұратын кез келгенін айтты:

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда бизнес жасайтын кез деп ойлаймын.Менің тарапымнан, Қазақстан үкіметі жағынан барлық жағдайды жасаймыз. Енді қарым-қатынастың ішінде әр-түрлі жағдайлар болады. Оған қарамай жұмыс істеу керек. Біз көмектесеміз.

Сапарын Президент көрші Өзбекстанда қортындылады. Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімовпен кездесіп, сауда-экономика, су-энергетика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Екі мемлекеттің қарым-қатынасы тұрақты. Екі ел лидерлерінің бір-біріне деген қарым-қатынасы бұған сеп. Десе де елдердің ортақ проблемасы бар. Ол, тіршілік нәрінің жетіспеушілігі. Бірнеше жыл бұрын Ислам Кәрімов Астанаға сапары кезінде Орталық Азия аумағында соғыс басталса, бұған судың тапшылығы себеп болатынын айтып қалған... Әрине, дәл қазір дау-дамай шыға қоймас. Оның үстіне суға байланысты кінәні өзбектер су басында отырған қырғыздар мен тәжіктерге артады. 

Бұл жолғы кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев "Мен өзіңізбен дос екенімді және қазақ халқының өзбек халқымен достығын мақтан тұтамын" десе, Ислам Кәрімов, екеуінің  сағат тілдерін үнемі тексеріп тұратындарын айтты.

Ләйлә Қазияқпарова, «Біздің уақыт».