Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Д. Закиева "Халықтың сүйіктісі" атанды

AstanaTV
20.01.2020ж. 20:00
2212
Д. Закиева "Халықтың сүйіктісі" атанды

Динара Закиева "Халық сүйіктісі-2019" байқауының лауреаты атанды. "Nur Otan" партиясы жанындағы Республикалық Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары балалар құқығын қорғаудағы ерен еңбегі үшін жыл үздігі атанды. Ол әріптестерімен бірге ел аумағындағы 1 300-ден астам білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелеріне мониторинг жүргізген. Нәтижесінде бүкіл елді дүрліктірген адам нанғысыз оқиғаларды жариялап, ауыр жағдайдағы балалар мен олардың мәселелерін шешуге мұрындық болды. Закиеваның тағы бір еңбегі - "Қасиетті Жол" қоғамдық қайырымдылық қоры. Ол оны бес жыл бұрын ерекше медициналық көмекті қажет ететін балаларға көмектесу үшін құрған. Қор жұмысының негізгі бағыты - сал ауруы балаларын оңалту. Қор әлі де қазақстандықтардың қолдауымен бүкіл ел бойынша 14 мамандандырылған орталық құруға дайын.

Айта өтейік, «Халықтың сүйіктілерін» анықтаған ұлттық жүлде Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Мұнда өткен жылы халық назарында болып, ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға арнайы сыйлықтар табысталды. Әр саланың үздіктері тәуелсіз сауалнама жүргізу арқылы таңдалған. Салтанатты шара осымен 9-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл алғаш рет «Отандық дипломатияның дамуына қосқан үлесі» және «ТМД кеңістігінде мәдениаралық диалогты дамытқаны» үшін аталымдары енгізілді. Бұдан бөлек, үздік оқытушы, дәрігер, кәсіпкер, спортшы, блогер сынды 27 тұлға «Халықтың сүйіктісі» жүлдесіне ие болды.

Элизабет ТҰРСЫНБАЕВА, МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУШЫ:

Мұндай марапатқа лайық көргендері мен үшін үлкен мақтаныш! Бұл жыл бойғы еңбегімнің жемісі деп білемін! Үздік спортшы атану үлкен жауапкершілік. Сондықтан, алдағы уақытта да осы атқа лайықты жұмыс жасауға тырысамын! Ата-анама және маған дауыс берген жанкүйерлеріме көп рақмет.


А. Мүтәли