Жамбылда жалақы алмағандарына жыл болған жұмысшылар қалалық әкімдік алдына жиналды. Жұмысшы топ Тараз қаласындағы жаңадан салынып жатқан нөмірі 15 мөлтек аудан құрылысын жүргізген. Жүзге жуық жұмысшы еткен еңбек, төккен терлерінің ақысын ала алмай талай табалдырықты тоздырдық деп жыларман. Нәтиже болмаған соң әкімдіктегілерден көмек сұрап келіпті. Берік Жұмабайұлы мәселенің қашан шешілетінін білді.
Әкімдік алдына байбалаң салуға емес, базыналарын айтуға жиналған жұрттың жалақысыз жан бағып отырғандарына жыл болған. Осылай деп ашынған ағайынның айқайға салмасқа амалы қалмапты. Ал, әкімдіктегілер де жылы жауып тастай ма деп талап-тілектерін тілшілерге тізбектеп берді.
БЛИЦ:
- Былтыр біз ноябрьден бастап осы фирманың жұмысын көктемге дейін істедік. 4-5-6 ай. Содан бір тиын да алған жоқпыз.
- Істеген еңбектерімізді алуымыз керек. Сол үшін келіп отырмыз. Өз еңбегімізді сұрап тұрмыз.
Тараз қаласы әкімдіктің құрылыс бөлімі мердігерге қаражатты дер кезінде аударғандарын айтады. Алайда құрылыс компаниясы нысанды өткізу уақытын кешіктіріпті. Сөйтіп атқамінерлер мердігерді сотқа берген.
Әлібек АМАНБАЙ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Соттың шешімне сәйкес 1,1 млн айыппұлды мердігер төлеп құтылды. Мердігерге тапсырыс беруші есебінен ешқандай қарыз жоқ.
Жауаптылар еңбек еткізіп, есептесуді естен шығарып алған сыңайлы. Мердігер «Әл арқаржан» басшысымен байланысқанымызда келе алмайтынын айтып, тек телефон арқылы уәде берді.
БАҚЫТЖАН МЫРЗАМҰРАТОВ, «ӘЛ-АРҚАРЖАН» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Береміз барлығын. Жұма күні кешке дейін береміз деп тағы да уәде беріп жатырмыз. Мекеменің басшысы ретінде Бақытжан Мырзамұратовпын. Міне, мен уәде беріп жатырмын, сізге.
Еңбек инспекциясы жағдайдан бейхабар. Құқыққорғаушыларға да шағымданбапты. Күнкөрісі қиындаған олар ендігі уәде орындалмаса, арыз жазбасқа амалымыз жоқ деп отыр.
Б. Жұмабайұлы