Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Т. Дүйсенова: «Елдегі өндіріс орындарында жыл сайын 250-дей адам көз жұмады»

AstanaTV
09.10.2017ж. 20:00
2757
Т. Дүйсенова: «Елдегі өндіріс орындарында жыл сайын 250-дей адам көз жұмады»

Қазақстанда өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігі әлі де бекем сақталмайды. Жыл сайын өндіріс орындарында 250-дей адам қаза тауып, тағы 1500-ге жуығы түрлі деңгейде жарақат алады. Бұл туралы бүгін Үкімет сағатында Еңбек кодексінің жаңа моделін енгізу жөнінде баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

250 адам өткен жылы осы жұмыс уақытында қайтыс болды. Соған байланысты біз қауіпсіздікке бағытталған жаңа 122 еңбек стандарттарын, әсіресе осы зиянды жұмыстарға қарасты 11 стандартты қайтадан қарап шығып, енгізіп жатырмыз. Бұл - Еңбек кодексіндегі ең негізгі мәселелердің бірі болып қаралып отырған негізгі мәселе. 

Соңғы 10 жылда өндірісте қаза тапқандардың саны 3 500-ге жуықтаған. Статистикалық ақпаратқа сай, қайғылы оқиғаны тексерген комиссия көбінде оқиға себепкер жұмысшының өзі екенін айтады. Мәжіліс депутаты Альберт Рау өлімге апарған жағдайларда жұмыс берушінің жауапкершілігін заңмен күшейту керек деген ұсыныс жасады

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұрын бір отбасының асыраушысы өндірісте, жұмыс бабында қаза тапса, оның отбасына 10 жылдық жалақы төленеді деген норма болған. Кейін бұл ұжымдық шартқа ауысып кетті. Бүгін топтық травматизмнің көшін бастап тұрған «Арселор Миттал Теміртау», бұл норманы келісімшарттан алып тастау үшін, кәсіподақтармен сөз жарыс жүргізіп келеді. Себебі заңда міндеттеме жоқ. Сондықтан кез-келген адам өндірісте қаза тапса, жұмыс берушінің жауапкершілігін заңды түрде күшейту керек.

Қазіргі таңда жұмыс берушілердің де жұмысшылар алдындағы берешегі көбейген. Қазір оның нақты саны 1,2 миллиард теңгеге жуық, оның 75 пайызы банкротқа ұшыраған мекемелерге тиесілі. Жүргізген тексерістер нәтижесінде еңбек шартын жасаспау белең алып бара жатқаны байқалған.