Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Атырау облысының тұрғындары балаларын мектепке қауіпті жолмен жіберуге мәжбүр

AstanaTV
24.01.2020ж. 20:00
2251
Атырау облысының тұрғындары балаларын мектепке қауіпті жолмен жіберуге мәжбүр

Атырау облысының Доссор кенті тұрғындары балаларын мектепке қауіпті жолмен жіберуге мәжбүр. Халық тіпті аурухана мен балабақшаға да бару үшін теміржолды кесіп өтеді. Басқа амал жоқ. Олар жергілікті биліктен көпір салып беруді сұрағалы да біраз болған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бұл адам өтетін жол емес. Теміржол астындағы су өткелі. Алайда мектепке баратын оқушылар жолды қыстарту үшін бұл жерді жаяу жүргіншілер жолына айналдырып алған.

Көктемде өткел қар суына толады. Ол кезде балалар теміржолдың үстімен өтеді. Баласы үшін алаңдаған ата-ана көпір мәселесі талай жылдан бері айтылғанымен шешімін таппай келеді дейді.

Асылай ӘБУОВА, ДОССОР КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мен кішкентай баламмен таңертеңгі қараңғыда  7 жарымда апарып тастаймын. Түсте жарық қой 4 оқитын балам алып келеді 1 оқитын баламды. Қорқып отырамын, үйден шыққан сайын  үлкен балама айтып отырамын «пойыздан  сақ бол, пойыздан сақ бол».  Аяғың тайып кетпесін.

Ханзада ТЕГІСБАЕВА, «БІРЛІК» ШАҒЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір пойыздың бағыты көп. Әлсін-әлсін пойыз өткен сайын  жүгіріп түсіп  жатады. Өзіміз де жұмысқа барғанда жүгіріп мініп, жүгіріп түсеміз. Пойыз  келгенше үлгеріп кетейік деп  өтеміз ғой.
 
Доссор кентіне қарасты «Ынтымақ» және «Бірлік» шағын аудандарында 200-ден астам түтін бар. Бұл аумақта әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Сондықтан олар өздерінен қашықта жатқан мектептер мен балабақшаға бару үшін теміржолды кесіп өтеді.

Анаргүл ӨТЕПҚАЛИЕВА, А.ҚҰНАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Теміржолға бізге көпірдің қажеттілігі өте қажет деп есептейміз. Себебі балалардың қауіпсіздігі үшін өте қажет. Сынып сағаттарында теміржолдың, автокөлік жолдарының қауіпсіздігі өтіледі. Оны сынып жетекшілері  жоспарға сәйкес өткізіп отыр.

Бұл жолмен күніне 50 шақты пойыз өтеді. Теміржол бойында бір ғана автокөліктерге арналған өткел бар. Теміржолшылар  жаяу жүргіншілерге арналған жол салып берсе, қауіптен арылар едік,- дейді.

Асылбек ӘБІЛҒАЗИЕВ, ДОССОР КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:
 
Бас жоспар бойынша жаяу өткінші көпірі салыну керек болатын. Сол себеппен  тұрғындармен кездескенімізде тұрғындар теміржолдың астынан өткел жасап беріңіздер деп жатыр. Себебі көпірге мінбейді, қиын болады деп. Әлі де қауіпті деп.


Дегенмен әкімдік тұрғындар үшін салынатын ол көпірді теміржолдың үстінен не астынан өткізетіндерін өздері де білмейді.

Б. Надирқызы