Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматы облысында табиғи газдан зардап шеккен отбасы көмек сұрайды

AstanaTV
27.01.2020ж. 20:00
2900
Алматы облысында табиғи газдан зардап шеккен отбасы көмек сұрайды

Алматы облысында табиғи газ жарылысынан зардап шеккен ерлі-зайыпты көз жұмды. Жантүршігерлік оқиға Ұзынағаш ауылында болған. Денелерін қатты күйік шалған екі баласының қазіргі жағдайын дәрігерлер орташа ауырлықта деп отыр. Жетімдерге жомарт жандардың көмегі қажет.

Қайғылы оқиға 1-і қаңтарға қараған түні болған. Жарылыстан соң күлі көкке ұшқан шағын баспананы ерлі-зайыптылар жалға алып тұрыпты. Апат салдарынан денелерін қатты күйік шалған 38 жастағы отағасы мен оның жұбайы өткен аптада аурухана төсегінде жан тапсырған.

Нәбижан ОТАБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
 
Таңғы сағат 7 де естідім. Күйеу балам 100 пайыз қызым 80 пайыз, екі немерем 45 пайыз деп Ұзынағаш ауылының ауруханасына түсті деп естідік.  Күйеу балам 18 күн әрең шыдап жатып, марқұм болды. Қызым жүкті боп сол жансақтауда аман-есен босанғаннан кейін бір күннен кейін қайтыс болды. 

Анасының өлімінен кейін артынша шала туған нәресте де шетінеп кетеді. Ал апат кесірінен жетім қалған 9 және 2 жастағы балалардың жағдайын дәрігерлер ауыр деп отыр.

Асқар ҚАЛИЕВ, АЛМАТЫ АЙМАҚТЫҚ БАЛАЛАР КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Қазіргі таңда жараларын емдеп жатырмыз. 2017 жылғы бала мүмкін отасызда шығып қалуы мүмкін. Ал 2010 жылғы балада терең күйік, жарақаттары терең. Оны отаға дайындап жатырмыз.01/20 аутодермо пластика дейді, тері алып, тері салу операциясы жасалынады.

Марқұмдардың жақындары қаза болған отағасының автобус жүргізушісі болғанын айтты. Жергілікті атқамінерлердің айтуынша аталған отбасы ауданға екі ай бұрын ғана көшіп келген. Ал жалға берілген баспананың кімге тиесілі екені әлі белгісіз. Оны шенділер анықтаудамыз дейді.

Бақтияр АЙТАЛЫ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Квартираның иесін біз іздестірудеміз кәзірше. Арнайы комиссия құрылды соны анықтап, мәселенің мән-жәйі толық анықталған кезде шешім шығарылады. Табиғи газдың шлаңгасы ажырап кеткен пештен. Содан кейін үйдің іші газға толған.


Сондай-ақ жергілікті билік қайғылы оқиғадан жетім қалған екі балаға аудан атынан көмек қарастырылмайтынын да ашып айтты. Ал, облыстық полиция өкілдері газы жарылып, арты өртке ұласқан бұл оқиғаға қатысты іс ашылғанын,қазір тергеліп жатқанын жеткізді.

Серік ҮПИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жамбыл ауданындағы өртке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-ші тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барасында бірқатар сараптамалар оның ішінде өрт қауіпсіздігі тағайындалды. Қазіргі уақытта осы сараптаманың нәтижиесін күтіп отырмыз.

Жантүршігерлік оқиға болған шағын баспана әлі күнге ашық-шашық жатыр. Сол күнгі төтенше жағдайдан соң айналасы жиналмаған сияқты. Бүтін бір отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, балаларын жетім еткен бұл жайтқа кім кінәлі? Ол жағы әлі белгісіз.   

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Осылайша, әп- сәтте ата-анасынан айырылған қос бүлдіршінге енді жомарт жандардың көмегі қажет. Қаза болғандардың жақындары төтенше оқиға қайталанбасын десеңіз табиғи газды тексеріп тұруды ұмытпаңыз дейді.

Ә. Лесбек