$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Nur Otan» басшылығы мұнайлы өңірдің мәселелерімен танысты

AstanaTV
29.01.2020ж. 20:00
2175
«Nur Otan» басшылығы мұнайлы өңірдің мәселелерімен танысты

Шалғайдағы ауыл мәселелері, жол қатынасы, жергілікті мәслихат жұмысын жандандыру. Ауылдағы басты мәселелерді халықпен ақылдаса отырып, шешу. «Nur Otan» партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Атырау облысындағы сапарында алыс ауылдағы тұрғындармен кездесіп, өзекті проблемаларды өз ауыздарынан естіді.

Атырау облысындағы Доссор кенті халқының көптен бергі арманы - темір жол көпірі. Кенттегі екі мыңнан астам халық тұратын «Ынтымақ», «Бірлік» шағын ауданы тұрғындары балаларын балабақша мен мектепке қауіпті жолмен жіберетінін жиі көтеріп жүр. Одан бөлек ауылішілік жол асфальтталып, көшеге жарық қойылса, -дейді.

Қайрат ҚАСЕНЕЙЕВ, ТҰРҒЫН:
 
Бір жолдың астынан жер асты көпірін салып берсе деген өтініш. Бүкіл халықтың атынан. Екінші мәселе ауылда жол жоқ. доссордың 70 пайызына жол жасады. Біздің ауыл неше жыл болды жылда жасаймыз,- деді. Адам жүретін де, машина жүретін де жол жоқ.

Тұрғындар бас партия өкілінен сүйінші хабар естіді.  Көпір келесі жылдың соңына таман пайдалануға беріледі. Қазір жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде.  Бауыржан Байбек нысанның құрылысын жылдамдатуды және тұрғындар көтерген басқа да мәселелерді партияның облыстық филиалына бақылауға алуды тапсырды.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Әрбір ауылда ең кем дегенде үш нақты мәселені қойып, бәріне ақшаны шашпай, нақты бір мәселені шешу керек.  Халық соған риза болады. Бәріне азғантайдан бере берсе, көрінбейді. Солай ғой.  Сондықтан жоспарды сол үшін ауданға келіп отырмын. Соны қарап ақылдаса отырып, сол бағдарламаны халықпен талқылау керек.

Мұнан соң Бауыржан Байбек «Доссормұнайгаз» бастауыш ұйымы мүшелерімен кездесіп, онда отандық мамандар мүддесін қорғау, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу, шетелдік жұмыс күшін тартуды шектеу мәселелеріне тоқталды.  Сондай-ақ  мұнайшы әйелдер мен жастарды жергілікті маслихат пен мемлекеттік қызметке тарту жөнінде бастама көтерді. Кейін Партия төрағасының бірінші орынбасары Жылыой ауданына барып, партиялық кадрлық резервіне қатысушылармен кездесті. Онда әр өңірдің ерекшелігі мен нақты мәселелерін ескере отырып, арнайы бағдарлама  жасауды тапсырды. 

Б. Надирқызы